18:15, 12 Шілде 2010 | GMT +5
Биылғы жылдың жарты жылдығында еліміздің экспорты өткен жылмен салыстырғанда 74,1 пайызға артты
АСТАНА. Шілденің 12-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - 2010 жылдың маусым айындағы көрсеткіштер бойынша тұтынушылар бағасының индексі 2009 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 104,4 пайызды құрады. Азық-түлік тауарларына деген баға 5,6 пайызға, азық-түлікке жатпайтын бағалар 2,7 пайызға өсті. Ал ақылы қызметтер 4,6 пайызға артты.

Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайыловтың деректеріне қарағанда, өнеркәсіп өнімдерін өндіретін кәсіпорын тауарларының бағасы биыл өткен жылғыдан 2,5 пайызға көп болды. «Қазақстанның сыртқы сауда айналымы биылғы жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында 34475,6 миллион теңгеге жетіп, өсім өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 39,8 пайызды құрады. Сондай-ақ экспорт 74,1 пайызға артып, импорт 4,5 пайызға қысқарды», деді агенттік төрағасы.