Біз «Алмас қылыштың» жалғасы болатын кейбір эпизодтарды түсіріп қойдық - Рүстем Әбдіраш

АСТАНА. ҚазАқпарат - Режиссер әрбір бөлімді «Көшпенділер» емес, «Қазақ хандығы» деген сөзбен бастаудың негізгі себебін де ашып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Біз «Алмас қылыштың» жалғасы болатын кейбір эпизодтарды түсіріп қойдық - Рүстем Әбдіраш

«Әрине, халық қолдап жатса, екінші бөлімді де түсіруге болады. Оны министрлік те, үкімет те қолдайды деп ойлаймын. Енді, ең қиыны басы ғой. Басын бастадық, жалғасын да түсіругеболады. Фильмнің шығармашылық ұжымы дайын. Келесі маусымның үш-төрт эпизодтарын түсіріп те тастағанбыз. Оны «Алмас қылышты» жасағанда біржола жасап қойдық. Енді, қаржы мәселесі шешілсе, жұмысқа кірісуге болады», - деді Әбдіраш ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Режиссердің айтуынша, жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы негізінде түсірілген алғашқы бөлімнің атауын «Қазақ хадығы» сөзінен бастаудың өзіндік мәні бар. Одан кейінгі кинонұсқалар да осы сөзбен басталатын болады. «Өйткені «Қазақ хандығы» деген түсінікті халықтың санасына сіңіре беру керек. Себебі қазіргі Қазақстан мемлекеттілігінің түп тамыры сол Қазақ хандығында жатыр. Совет өкімет кезінде оның мағынасын төмендетіп, халықтың санасынан мүлдем өшіріп тастауға тырысқан. Қазақ хандығы деген кезде бір үреймен айтамыз да. Оны ауыз толтырып, қорықпай айту қажет», - деп атап көрсетті режиссер.

null  

Айта кетейік, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы үш бөлімнен тұрады. «Алмас қылыш» романында ХV -ХVІ ғасырларда Қазақ хандығының құрылуы, Әбілқайыр, Жәнібек, Керей хандардың тақ үшін таласы, қазақ руларының бірігу идеясы суреттелсе, «Жанталас» романында ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы Қазақстанның шетел басқыншыларымен күресі және Әбілқайыр ханның Қазақстанның Батыс бөлігі мен Ресей патшалығы қол астына кіруі сипатталады. Қалмақ хандығының қазақ еліне жасаған шапқыншылығы, Алакөл маңайында, Ордабасы өңірінде болған қырғын ұрыстар, Ресей патшалығының қол астына кірген Әбілқайырдың түпкі армандарының жеке басындағы түңілістері туралы жазылған.

Ал «Қаһар» атты үшінші романда ХVІІІ ғасырда Абылай хан бастаған қазақ халқының қалмақ басқыншыларын біржолата талқан етуі, Абылайдың қазақ елін дербес Қазақ хандығына біріктіру әрекеттері және Абылайхан мен оның батырларының ел тәуелсіздігі үшін күрестегі ерлік, даналық істері баяндалады. Абылай ханның қазақ елін біріктіру жолындағы жанталасы баяндалады.