Біз Отанымызға пайдамызды тигізе аламыз - тәжік-ауған шекарасындағы қарулы қақтығыстарға қатысушы М.Мұхамеджанов

АСТАНА. ҚазАқпарат - 1995 жылдың 7 сәуірінде Қазақстан Ішкі әскерінің құрама ротасы Тәжікстанның Пшихавр шатқалында моджахедтер тарапынан шабуылға ұшырады. Жаудың күші басым болған ұрыста қазақстандық 17 әскери қызметші оққа ұшты. Осынау қаралы күн қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі Тәжікстандағы қазақстандық әскери миссияға қатысушылардың бірі, отставкадағы подполковник Мұрат Мұхамеджановты сұхбатқа тартқан болатын.

Біз Отанымызға пайдамызды тигізе аламыз - тәжік-ауған шекарасындағы қарулы қақтығыстарға қатысушы М.Мұхамеджанов

- Мұрат Нұрахметұлы, сіздердің роталарыңыз қандай мақсатпен құрылды әрі оның алдына қандай міндеттер жүтелген еді?

- Ең алдымен оқырманға түсінікті болуы үшін тарихқа шағын шолу жасап өтейін. Өйткені, бүгінгі жастар Тәжікстанда соғыс жүрген жылдары бала болғандықтан әңгіменің не жайында болып отырғандығын түсінбес. 1993 жылдың 15 сәуірінде ҚР Жоғарғы кеңесінің «Тәжік-ауған учаскесіндегі ТМД-ның сыртқы шекарасын күшейту туралы» қаулысымен саны 500 адамға жететін жеке құрама атқыштар батальоны құрылды. Батальон құрамына десантшылардан бөлек шекарашылар мен ішкі әскер бөлімшелері кірді. Ал оның командирі лауазымына майор А.Володин тағайындалды. Мен взвод командирі ретінде 35-ші гвардиялық десантшы шабуылдаушылар бригадасының құрама ротасы сапында 1994 жылдың ақпан-сәуір айлары аралығындағы ұрыстарға қатыстым. Батальон штабы Хорогда, ал менің взводым аталған қаладан 30-40 шақырым жердегі Сохчарв қыстағындағы 11-ші шекара заставасында орналасқан еді. Хорог шекара отряды тәжік-ауған шекарасының шамамен 200 шақырымдық учаскесін күзететін. Тәжікстандағы ахуал өте қиын, елде азаматтық соғыс жүріп, шекара арқылы Ауғанстаннан есірткі мен қару-жарақ тасыған содырлар кесіп өтетін. 1993-2001 жылдары аралығында 8 жылға созылған бітімгершілік операциясы барысында содырлармен арада орын алған қарулы қақтығыстарда, 32 қазақстандық сарбаз қаза тауып, көпшілігі жарақат алды. Осы жылдар ішінде 8,5 мыңнан астам қазақстандық әскери қызметшілер тәжік жерінде борышын өтеді әрі олар біздің қоғамдық бірлестіктің құрамына кіреді. Демек, бірінші кезектегі біздің мақсат пен міндет - тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс іс-қимылдарына қатысқандарды әлеуметтік қорғау және қолдау.

- Тәжікстандағы әскери борышыңызды өтеу барысында есте қалған оқиға жайында айтып берсеңіз

- Бірде біздің учаскеге содырлардың өтуге дайындалып жатқандығы турасында ақпарат алдық. Операцияға әзірлік барысында жасырыну үшін азаматтық жүк көліктерін пайдаландық. Қас қарая Пянджа өзенінің екі жағалауынан жарықпен бір-біріне белгі беріліп, салға мінген содырлар суды кесіп өтіп келе жатқандығын байқадық. Тақап қалғанда оқ жаудырып, содырлардың көздері жойылды. Мен жағалауға жетіп, бой тасаламақ болған екі содырдың ізіне түстім. Алайда олар жасырынып қалды. Оларға жергілікті тұрғындар қол ұшын берген сияқты. Дегенмен, оларды сәл кейінірек ресейлік шекарашылар қолға түсірді. Осылайша, операция жемісті аяқталды, біздің қатарымыздан ешкім зардап шеккен жоқ. Екі тұтқыннан бөлек, шамамен 15 келі есірткі тәркіледік.

Тағы бірде жауынгерлеріммен моджахедтердің тұтқынына түсіп қала жаздағаным бар. Маған Хорогта орналасқан батальон штабына ГАЗ-66 көлігімен баруға тура келді. Взводымдағы ержүрек десантшылар Жұмалы Тілембаев пен Данияр Үсіпбаевты, сонымен қатар тағы екі ресейлік шекарашы мен тәжік шекарашы прапорщикті алып, штабқа бет алдым. Буни ауылы тұсынан өтіп бара жатқанда топтасқан адамдарды байқадық. Олар сыртқы түрінен ауғандық содырлардан еш айырмасы жоқ жергілікті өзін-өзі қорғау отрядының бірі болуы да мүмкін еді. Таудан төмен түсіп келе жатқанымызда тосыннан УАЗ-469 көлігі бізге келіп соқтығысты. Қақтығыс салдарынан көлігіміздің оң жақ қанаты майысып, тоқтауға мәжбүр болдық. Есеңгіреп қалғаным соншалық көліктен атып шығып, УАЗ көлігінің жүргізушісін ұрып жібердім. Осыдан кейін ғана оның жергілікті тұрғындар емес, керісінше орыс тілін мүлдем білмейтін содырлар екендігін түсіндім. Осылайша, біздер біршеше жүздеген моджахедтің жауынгерлік бекетіне тап болыппыз. Мен жауынгерлеріме ұрысқа дайындалуға тапсырма бердім, бірақ бізде тірі қалуға еш мүмкіншілік жоқ болатын. Абырой болғанда аталған содырлардың командирі егде жасқа келген адам абайсызда қолға түскендерді тұтқынға алу адамшылыққа жатпайды деп шешіп, аман қалғанымыз бар.

- Жалпы, тәжік-ауған соғысындағы ұрыстарға қатысқандар Ауғанстандағы интернационалдық борышын өтегендермен бірдей жеңілдіктер пайдалана ала ма?

- Өкінішке орай қолданыстағы заңнамада біздер үшін ешқандай жеңілдіктер қарастырылмаған. Ал сол ұрыстарға қатысқандардың көпшілігі жарақат алып, психологиялық соққыға душар болды ғой. Мына қызықты қараңыз, біздердің жауынгерлік орден, медальдарымыз бар, бірақ ардагер мәртебеміз жоқ. Таяуда ғана 1995 жылдың 7 сәуіріндегі Пшихавр шатқалындағы ұрысқа қатысқан майор Марат Ахметов өмірден озды. Сол қарулы қақтығыс барысында 17 жауынгер мерт болып, тағы 33 сарбаз жарақат алды. Дәл сол кезде Марат Ахметов взвод командирінің орынбасары болатын. Ротаға қолбасшылық жасап, жарақат алған көптеген жауынгердің өмірін қорғап қалған ол 40 жасында жүрек талмасынан қайтыс болды. Тұрғын үй қатынастары туралы заңға сәйкес әскери қызметші 20 жылдан астам уақыт борышын өтегеннен кейін ғана өз үйін қайтарымсыз жекешелендіре алады. Ал М.Ахметов үйін жекешелендіру үшін шамамен енді 1 жыл әскери қызметте болуы тиіс еді. Қазіргі уақытта оның отбасы пәтерді баланстық құнымен 60 мың долларға сатып алу қажет. Сондықтан аталған қоғамдық бірлестікті Ақтау қаласында құрдық.

Біз сол кездегі Маңғыстау облысының әкімі болған Бауыржан Мұхамеджановқа тәжік-ауған шекарасындағы ұрыста қаза тапқан жауынгерлерге ескерткіш тұрғызу өтінішін жасап, ол қолдау білдірді. Бізге ескерткіш құрылысы үшін учаске бөлініп, рұқсат берілді. Болашақ ескерткіш орнына капсула салынды. Ескерткіш десантшы, ішкі әскер жауынгері және шекарашы сынды үш сұлба түрінде болады.

Айта кетейін, біздің негізгі міндетіміз - тәжік-ауған шекарасындағы ұрыстарға қатысушыларға Ұлы Отан соғысы, Ауғанстан соғысы және басқа да әскери қақтығыстарға қатысқан ардагерлермен тең мәртебе алып беру.

- Сіз мұндай ұсыныстарыңызды мемлекеттік органдарға бердіңіздер ме?

- Ия, ұсыныс жасалып, бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынып отыр. Біз Мемлекет басшысы -Жоғарғы бас қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа хат жазып, заңнамаға сәйкесінше өзгертулер енгізу өтінішін жасадық. Қауіпсіздік кеңесінің хатшылығында кеңес өтіп, онда бес ведомствоға қаржы-экономикалық негіздемесін дайындау, қажетті қаржы көлемін есептеу тапсырылды.

Ендігі уақытта біз аталған процесті жеделдетуге барымызды салмақпыз. Бізді парламент депутаттары, қоғамдық ұйымдар, оның ішінде Қазақстанның Азаматтық альянсы да белсенді қолдап отыр. Сонымен бірге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тәжік-ауған шекарасындағы қарулы қақтығыстарға қатысқандарды әлеуметтік бейімдеу орталығын ашу өтінішін жасадық.

Біз барлық қоғамдық ұйымдармен тығыз жұмыс істеудеміз. Өсіп келе жатқан жас буынға әскери-патриоттық тәрбие беру жұмыстарын да қолға алып отырмыз.

- Осы жұмыстарыңыз жайында тарқата айтып берсеңіз

- Маңғыстау облысының өзінде ғана «Әскери-патриоттық клубтардың Маңғыстаудағы «Қайсар» өңірлік лигасы» жастар қоғамдық бірлестігінің құрамына кіретін 8 үйірме мен клуб жұмыс істейді. Дәл осындай лигалар Атырау, Ақтөбеде, таяуда Астанада ашылатын болады. Ол жерде жастар қоян-қолтық ұрыспен, кикбоксингпен, каратэмен айналысады. Тәжік-ауған шекарасында қаза тапқандарды, оның ішінде майор Марат Ахметовті еске алуға арналған турнирлер өткіземіз. Сонымен бірге жастармен, оқушылармен кездесу сынды шараларды да ұйымдастырамыз.

Ал 7 сәуірде Атыраудағы Махамбет алаңында тәжік-ауған шекарасындағы ұрыстарға қатысушылардың шеруін өткізуді жоспарлаудамыз. Облыс әкімінің орынбасары Ш.Мұқан 100 оқушыға құрметті қарауыл ротасы формасын сатып алуға қаржы бөлді. Айта кетерлігі, біз Атырау облысында да Ауғанстандағы және тәжік-ауған шекарасындағы ұрыстарға қатысқандардың құрметіне ескерткіш орнатуды көздеп отырмыз. Шараға ардагерлер ұйымдарын, мемлекеттік органдардың өкілдерін және Тәжікстан Елшілігін шақырмақпыз. Бұдан бөлек, 15 сәуір күнін жеке құрама атқыштар батальонының құрылған күні деп жариялауды ұсындық.

Мүмкіншілікті пайдалана отырып, біздерге қол ұшын берген азаматтар Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Р.Елтизаровқа, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Х.Нұрғалиеваға, облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Р.Жұмағалиеваға, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары А.Арынғазиеваға, облыс әкімінің орынбасары С.Нұрқатоваға алғысымды білдіргім келеді.

- Сұхбатыңызға рахмет!