Біз Венгрияның елдеріміздің өзара қарым-қатынастарын жаңа деңгейге көтеру туралы ниеттерін қолдаймыз - Н.Назарбаев
АСТАНА. 4 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Венгрия Премьер-Министрі Виктор Орбанды қабылдады.
Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тараптар екі елдің екіжақты ынтымақтастығының ауқымды мәселелерін талқылады. Нұрсұлтан Назарбаев тарихта қазақтар мен венгрлер әркезде тату қарым-қатынаста болғандығын ерекше атап өтті.
«Біз сіздердің екі елдің өзара қарым-қатынастарын жаңа деңгейге көтеру туралы ниеттеріңізді қолдаймыз. Венгрия Қазақстанның бастамасына қолдау көрсетіп келеді, президенттеріңіз Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның саммитіне қатысты. Бүгін сіз Қазақстан Премьер-Министрімен кездесіп, үкіметаралық кеңеске қатыстыңыз. Онда екі елдің өзара қарым-қатынастары туралы нақты уағдаластыққа қол жеткіздіңіздер деп сенемін. Өз тарапымнан бұл процесті қолдайтын боламын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Өз кезегінде В.Орбан Қазақстанда өзіне көрсетілген жылы шырайлы қабылдауға ризашылығын білдірді.
«Біз халықтарымызды біріктіретін тарихи және мәдени байланыстарға үлкен мән береміз. Қазақстан астанасы мені қайран қалдырды. Бұл қала адамзаттың дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанының символы болып табылады. Әлемнің басым бөлігінде дағдарыс болып жатқанда, сіздің еліңіз алға қадам басуды жалғастыруда», - деп атап өтті Венгрия Премьер-Министрі.