Біз жастар кәсіпкерлігін дамытуға мүдделіміз - Кәсіпкерлікті дамыту комитеті төрағасының орынбасары

Бүгін Алматыда өтіп жатқан «Қазақстандағы жастар кәсіпкерлігін дамытуды мемлекеттік қолдау» тақырыбындағы дөңгелек үстел жиынында осылай айтылды.
«Орнықтылықты қамтамасыз ету үшін шағын және орта бизнесті дамыту керек. Қандай көлемде ірі кәсіпорындарды ашсақ да халықты толықтай жұмыс орнымен қамтамасыз ете алмаймыз. Сондықтан олардың белсенді бөлігін барынша кәсіпкерлікпен айналысуға тарту қажет. Әсіресе, жастарды», - дейді ҚР Өңірлік даму министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту комитеті төрағасының орынбасарыБақытжан Сәрсекеев. Оның айтуынша, жастар кәсіпкерлігін дамыту бағытында біршама істер жүзеге асырылып жатыр. Тиісті органдар ғаламдық кәсіпкерлік апталығы мен жас кәсіпкерлер форумдарын өткізді, сондай-ақ жас кәсіпкерлер мектебі ашылды. Мәселен, Шымкент қаласындағы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті базасындағы «Жас кәсіпкерлер мектебінің» оқыту курстарынан 3 айда 400 адам білімін жетілдірді. Соның нәтижесінде олардың жартысына жуығы өз кәсібін ашу туралы шешім қабылдаса, 97-сі грантқа өтініш білдірген, ал 68-і өз жобаларын жеңілдетілген түрде қаржыландыруға ұмтылып отыр. Биыл «Бизнестің жол картасындағы» өзгерістер бойынша жас кәсіпкерлерді қолдауға гранттар бөлінді. Ол басымдықты секторларда жаңа бизнес идеяларды жүзеге асырушыларға беріледі. Үстіміздегі жылы республиканың барлық аймағында кәсіпкерлікті қолдау орталығы желісі құрылады. Алғашқылары Шымкент пен Алматы қалаларында жұмыс істеп те жатыр.