Бізде исламдық қаржыландырудың қажетті инфрақұрылымы бар - ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары
АЛМАТЫ. 17 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бұл басқосу аймақтағы исламдық қаржыландырудың құрылымдық сұхбаты.
ҚР Ұлтттық банкі төрағасының орынбасары Данияр Ақышев бүгін Алматыда өтіп жатқан «Исламдық қаржы бойынша халықаралық отырыс: оңтайлы жағдайлар жасау» атты алқалы жиында осылай айтты.
«2010 жылы Елбасы халыққа арнаған өз жолдауында: «2020 жылға дейін Алматыны аймақтық қаржы орталығына айналдыруымыз керек» деген болатын. Бізде қазір исламдық қаржыландырудың қажетті инфрақұрылымы бар. Атап айтқанда 2009 жылдың ақпан айында Қазақстанда аймақта тұңғыш рет «Исламдық қаржыландыру туралы» заң қабылданды. Үкімет исламдық қаржыландыруды дамыту бойынша 2020 жылға дейінгі жол картасын қабылдады. 2011 жыл ҚР Ұлттық банкінде Исламдық қаржыландыру кеңесі құрылды», - дейді Д.Ақышев. Оның айтуынша, алғашқы ислам банкі «Ал-Хилал» бүгінгі таңда Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс жасауда. Соңғы жылдары елімізде исламдық қаржыландыру бойынша бірқатар форумдар ұйымдастырылды. Сондықтан бұл шара тек Қазақстан ғана емес, бүкіл аймақ үшін исламдық қаржыландырудың үздік әдістерін анықтауға мүмкіндік береді деген үміт бар.