Біздегі орман өртіне қарсы қызметтің тәсілі қазіргі климатқа сай емес – сарапшы
АСТАНА. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Орман, ағаш өңдеу және жиһаз өнеркәсібі өңірлік қауымдастығының президенті Виталий Чернецкий ҚазАқпарат тілшісіне Абай облысындағыдай өрт енді қайталанбау үшін не істеу керектігі туралы пайымын айтты.
«Кейінгі жылдары климат энергиясының көрсеткіштері өзгерді. Экстремалды метеорологиялық жағдайлар жиі жарияланатын болды. Қысқа мерзімді төтенше аптаптар тіркеліп жүр. Оны ыстық жел тіптен ушықтырады. Соңғы болған өрт осындай факторлардың себебінен ушығып кетті. Жалпы ағаш басын шалған ауқымды өртті сөндіру өте қиын. Әлемнің ешбір елінде оған қарсы тиімді тәсіл жоқ.
Орман өртіне қарсы қызметтің әрбір әрекеті, қадамы баяғыда қанмен жазылып қойған. Тек соны сапалы орындап отыру керек», - дейді сарапшы.

Оның ойынща, қарапайым халық арасында отпен абай болуды насихаттайдын түсіндіру жұмыстары көп жүргізілу керек.
«Орман өртінің көбі адамның абайсыз әрекетінен болып жатады. Әзірге өрттің себептері ресми деңгейде жарияланбағандықтан қасақана өртеу туралы айта алмаймыз. «Семей орманында» өрт көбінесе найзағайдан білем. Бұрын елдің шығысында «құрғақ найзағай» дейтін құбылыс сирек болатын. Қазір жиірек еститін болдық. Бұл да климаттың өзгерісінен болуы мүмкін.
«Құрғақ найзағай» деп аты айтып тұрғандай, күн ыстық болған кезде, ауаның ылғалдығы 40 пайыздан аспайтын болған жағдайда жауған жаңбыр жерге жетіп үлгермей буланып кетеді. Ал найзағай құрғақ жерге түсіп, маңайын өртейді. Мұндай өзгерістер бұрыннан қалыптасқан жұмыс әдіснамасын қайта қарауды қажет етеді», - дейді Виталий Чернецкий.

«Семей орманы» салыстырмалы түрде жазық алқапта жатқанымен, топырағы құмдауыт.
«Мұндай жерде басқа техниканы қойып трактордың өзі батып қалады. Оның үстіне өрт ағаш басын шалғанда жер бетінде оттегі азаяды. Ал оттегі болмаса, кез келген техника сөніп қала береді. Көлігін тастап қашқан күннің өзінде жалындаған оттан аман құтылу қиын. Орман өртінің таралу жылдамдығы сағатына 45-50 шақырым десек, жаяу адам мұндай жылдамдықпен 100-200 метр ғана жүгіре алады. Одан кейін жалын қуып жетеді деген сөз. Соңғы күндердегі қайғылы жайттардың осындай табиғи себебі бар.
Семейдегі өрт те, Қостанайдағы өрт те су таситын көлік көп болу керек екенін көрсетті. Оған арнайы өрт сөндіретін көлікті ғана жұмылдыру аздық етеді. Қарапайым су таситын көліктер де жарап тұр.
Тұрмыстық сипаттағы өртте жылдамдық маңызды болса, орман өртінде асығуға болмайды. Мұнда жылдам қимылдау емес, алды-артыңды бағамдап әрекет ету маңызды. Үнемі өрттің бағытын назарда ұстап отыру керек. Өйткені жел айнымалы. Адамды өрттің өтінде қалдырмау үшін сырттан немесе төбеден тұрақты бақылау керек. Орманды сақтап қаламыз деп адамдарды көзсіз отқа айдай беруге болмайды», - дейді маман.

Сондай-ақ, ол өрт тұтанған кезде алғашқы лекпен неғұрлым көбірек адам жұмылдырса, соғұрлым тиімді болар еді деген өкінішін де жасырмады.
«Жалынды күш алмай тұрған кезде тұншықтырып тастап отыру керек. Бұл үшін өрт сөндіру жасақтарын жарақтандыру нормаларын қайта қарау қажет. Орман шаруашылықтарында болатын өрт сөндіру-химия стансасында 1 немесе екі машина керектігі жазылған болды дейік, Семей орманы сияқты күрделі аумақтарда бұл норманы қайта қарау керек. Өкінішке қарай, бұл норма бүкіл Қазақстанға арнап жасалған. Ал негізі әр өңірге жеке-жеке норма керек. Ауасы ылғалды, жауы-шашыны мол жерде өрт сөндіру көлігі 15 жыл бойы бос тұруы мүмкін. Ал ылғи өрттен зардап шегетін ормандарға мұндай норма жеткіліксіз. Қаржы министрлігі сияқты жауапты ведомство өкілдері де бұл мәселеге байыппен келу керек. «Қаулы бар, одан асып кете алмаймыз» деген түсіндірмелер Семей орманы сияқты өртке осал аумақтардың қауіпсіздігіне жүрмейді.
Менің білуімше, аталған нормалар кейінгі 20 жылда өзгермеген. Халықтың «Орман қауіпсіздігіне миллиондап ақша бөлініп жатқанда неге мұндай трагедиялар болуы керек» деген сұрағы орынды. Бірақ ол қаражат орманшының әлеуметтік жағдайын жасқартып жатқан жоқ. 60-80 мың теңге қай жыртығын жамауға жетеді? Кейбіреулер орманшылардың жұмысы өрт кезінде ғана ауыр, басқа күндерде шидің басын да сындырмайды деп сынауы мүмкін. Бірақ ол осы жұмысқа басымен байланғандықтан, күн көрісіне еркін жететін табыс табу керек қой. Қазір орман шаруашылықтарына өрт сөндірушілер жетіспейді. Бос жұмыс орындары өте көп. Өйткені 60-80 мың теңгеге жастардың ешқайсысы барғысы келмейді.

Орманшы болуға денсаулығы жарамды жігіттерді шаруа қожалықтары, таукен компаниялары 250 мың, 300 мың, 400 мың теңгелік жұмысқа шақырып әкетеді», - дейді Виталий Чернецкий.
Сарапшы орманды өрттен қорғау ісінде Польшаның тәсілін қолдануға болатынын айтып қалды.
«Ерікті өрт сөндіруші жасақтарды құруға болады ғой. Оларға орман өртін сөндіруге атсалысқаны үшін лайықты ақы төлеу керек. Тіпті қазір өрт сөндірушілерге тамақ дайындап, ас-суын қамдап жүрген ауыл тұрығындарына да ақы төлеуге болады. Сондай жолды таңдасақ, жергілікті тұрғындардың төтенше жағдай кезінде жұмылуы мүлде басқа деңгейде жүретін еді. Мысалы, Польшада, Еуропаның басқа да елдерінде орман өртіне жауапты штаттағы мамандарды саусақпен санап алуға болады. Оларда жергілікті өрт сөндіру бекеттерінде кезекші жүргізуші мен аға күзетші ғана отырады. Яғни, төтенше жағдайдан тыс кезде олар қажетті құралдардың бүтіндігін, түгел болуын қамтамасыз етеді. Қалған жұмыс күші жергілікті еріктілерден жасақталады. Өрт кезінде жергілікті еріктілер жаппай жүгіреді. Өйткені өрт сөндіруге қатысқаны үшін жақсы ақы алады. Ол жақта ерікті өрт сөндіру жасағына мүше болу мәртебе болып есептеледі. Тіпті волонтерлердің өзіне жақсы ақша төленеді. Ақша төленетін болғандықтан, ондай еріктілерге қойылатын талап та жоғары. Ұдайы норматив тапсырып отыру керек. Көлденең көк аттының бәрін орманға жібере бермейді», - дейді ол.

Ардагер маман Шығыстағы орманның қауіпсіздігін тікұшақпен патрульдеу арқылы күзеутдің сөкеттігі жоқ деген пікір айтты.
«Өртті ерте бастан байқайтын дабыл жүйесін дамыту керек. Спутник байланысы өте сапалы болу керек. Қазір ондай байланыс бар. Бірақ спутниктегі мәліметке біздікілер 12 сағат өткеннен кейін ғана қол жеткізе алады. Бұл ерте болған күнде. Әйтпесе 1-2 тәуліктен кейін ғана мәліметін алады. Ал өрт оны күтіп тұрмайды.
Сондықтан бізде әлі күнге дейін өрт туралы хабардың басым бөлігін адамдар телефон арқылы хабарлайды. «Семей орманының» жағдайында бұл міндетті мұнарадағы кезекші атқарады.
Кезінде тікұшақпен патрульдеу практикасы болған. Өте тиімді еді. Кейін оның шығыны үлкен деп, алғызып тастады. Расымен де тікұшақпен ұдайы патрульдеудің шығыны үлкен. Бірақ мынандай алапат өрттер сол үнемделген ақшадан бірнеше есе мол шығын әкеліп жатады. Қазір дронмен патрульдеу тәсілі бар. Бірақ желді күндері олардан көп пайда жоқ. Орман өрті кезінде жердегі адамды тікұшақ төбеден бақылап, жол нұсқап отыру керек. Шығыны көп десек те, адам өмірінен қымбат емес қой.
Бүгінгі өртті сөндіруге ғана кетіп жатқан шығынға тікұшақ патрулін 7-8 жыл ұйымдастыруға болатын еді», - дейді қауымдастық басшысы.

Маман төтенше жағдайды үйлестіретін штаб мүшелерін шеніне емес, тәжірибесі мен біліміне қарап жасақтау керек дегенді айтты.
«Одан кейін ТЖМ, Экология министрлігі, жергілікті әкімдік өкілдері үндесіп жұмыс істеуі керек. Ірі өрттерде органдар арасындағы үйлесімді жұмыстың маңызы зор. Әркім өз саясатымен кетпеуі керек. Қазір қалай екенін білмеймін. Мен жұмыс істеп жүрген кезде өрттің алдын алу, шетін жағдайда үйлесімді жұмысты пысықтау бағытында көп жұмыс істеуге тура келетін еді.
Төтенше жағдай кезінде жұмысты шені үлкен адамға басқарту міндетті емес. Жалпақ тілмен айтқанда, орталықтан келген полковник өзі сырын білмейтін жерге келіп билік соқпауы керек. Мәселені іштен білетін, өзі төтенше жағдайлардың өтінде шыңдалған тәжірибелі мамандарға тізгін берілуі шарт. Ал ондай жүйе болу үшін мемлекеттік органдар үйлесімді жұмысты өрт болмаған кездерде сағаттай сақылдап тұратын деңгейде ұйымдастырып, пысықтап қойғаны абзал. Шенділер штабта бола берсін. Бірақ шешім кәсіби мамандармен, көпшілікпен ақылдасу арқылы шығарылуы қажет», - деп түйіндеді Виталий Чернецкий.