Біздің басты мақсатымыз - Бас ассамблея жұмысын лайықты өткізу - Қ. Өскенбаев

АНА. Қыркүйектің 29-ы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Алдағы қазан айының алғашқы онкүндігінде Астанада Дүниежүзілік туристік ұйымның Бас ассамблеясының 18-ші отырысы өтеді. Туризм саласы үшін ғана емес, тұтастай еліміз үшін айтарлықтай маңызы бар осы халықаралық шараның қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі ҚР Туризм және спорт вице-министрі Қайырбек Өскенбаевпен сұхбаттасқан еді.

Біздің басты мақсатымыз - Бас ассамблея жұмысын лайықты өткізу - Қ. Өскенбаев

 

   -Қайырбек Айтбайұлы, Қазақстандағы туризмнің даму динамикасына қандай баға бересіз?

 -Қазақстанда туризмді дамытудың алғы шарттарының бірі қазіргі заманға лайықты, тиімділігі жоғары және бәсекеге қабілетті туристік кешенді құру болып отыр. Осы шарттарға орай әлемдік туристік нарық жүйесіне бірігу және туризм саласында халықаралық ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету барысында саланы экономика секторы ретінде дамыту үшін қажетті жағдайлар қамтамасыз етілетін болады.

2008 жылы еліміздегі туризмнің негізгі даму көрсеткіштерінің тұрақты өсуі сақталып отырғанына қарамастан, әлемдік қаржы дағдарысы елімізге келетін туристер санының азаюына өз әсерін тигізуде. ҚР Статистика агенттігінің мәліметтеріне сәйкес, 2008 жылы елімізге саяхатшылардың келуі 2007 жылғы көрсеткіштерге қарағанда 11 пайызға кеміген. Сонымен қатар Дүниежүзілік туристік ұйымның халықаралық сарапшыларының болжамына қарағанда, ағымдағы 2-3 жыл ішінде туризмнің даму қарқыны мен аймақаралық сапарлар  қайтадан қарқын алады екен. Ал алыс жақтарға саяхат жасау 2020 жылға қарай артатын болады. Сондай-ақ осы салаға құйылған инвестиция көлемі 2007 жылмен салыстырғанда, біршама артқаны байқалады. Нақты айтсам инвестиция өсімі шамамен 34 пайызды құрайды, яғни 129 млрд. теңгеден астам қаражат құйылған.

Жалпы айтқанда, курорттық және емдеу-сауықтыру туризмінің, сонымен қатар туризмнің жаңа бағыттарына сұраныстың артатындығын болжауға болады. Осы орайда Қазақстанның ерекше табиғи әлеуеті бар екендігін ескерсек, елімізде туризмнің  мәдени-танымдық, экологиялық, экстремалды, іскерлік сияқты сан түрін дамытуға мүмкіншілігі толығымен жетеді. Сондықтан дағдарыс жағдайында ішкі және аймақтық факторларды  және ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлуіміз қажет.  

 -Сіздің ойыңызша туристік индустрияның дамуына қандай факторлар кедергі келтіріп отыр?

 -Сұрағыңыз орынды, бұл орайда мен еліміздегі туризмнің дамуына тосқауыл болып отырған бірнеше факторды айта аламын. Біріншіден, нысандардың туристік және көліктік инфрақұрылымдарының халықаралық стандарт талаптарына сәйкес болмауында, сондай-ақ сервис деңгейінің төмендігі, туристік инфрақұрылымдардың материалдық-техникалық базасының толық дамымауы, қызмет көрсету  мамандарының дайындық деңгейінің төмендігінде болып отыр.

Дегенмен осы бағыттар бойынша біздер бірқатар жұмыстар атқарып жатырмыз деп нық сеніммен айта аламын. Мәселен, қазіргі күні «Болашақ» президенттік бағдарламасы шеңберінде біздің студенттеріміз Ресей, Қытай, Франция, АҚШ, Германия, Жапония, Ұлыбритания сияқты мемлекеттердің ең үздік жоғары оқу орындарында «туризм саласындағы менеджмент», «қонақ үй индустриясы саласындағы менеджмент» мамандықтары бойынша білім алуда. 

Туризм және спорт министрлігінің ұйытқы болуымен ҚР Білім және ғылым министрлігі, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, сонымен қатар туристік және қонақ үй бизнес-қауымдастығының өкілдерімен бірлесіп «4 жоғары қонақ үй мектебін құру» (ESHA) ТЕМПУС бағдарламасы бойынша Еуропалық одақ жобасы шеңберінде Ақмола облысының Щучье-Бурабай курортты аймағында қонақ қабылдау индустриясы халықаралық мектебін ұйымдастыру жұмыстары басталды. Аталған жобаның 1-ші кезеңін ұйымдастыру мақсатында ағымдағы жылдың маусым айында үйлестірушілер мен әріптестердің қатысуымен семинар-тренинг өтті.

 -Көптеген мемлекеттің өзіндік ерекшелегін бейнелейтін бренді болады. Ал Қазақстанның өзіндік туристік бренді бар ма?

 -Әрине, біздің басты брендіміз, сөз жоқ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Себебі бүкіл әлемдік қауымдастық оны біледі және құрметтейді. Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында біз осындай экономикалық табысқа, саяси тұрақтылыққа қол жеткізіп отырмыз. Мемлекет басшысы бүкіл әлемнің Қазақстанға назар аударуына көп еңбек сіңірді.

Дегенмен, Копенгаген үшін су перісі немесе Канада үшін үйеңкі жапырағы сияқты елімізде ресми түсінікте қолданылатын брендіміз жоқ. Алайда, таяу арада әлемдік қауымдастық Қазақстанды біздің қар барысымызбен байланыстырып, танитындығына сенімім мол. Сөз орайында айта кетейін, 2011 жылы өтетін 7-ші қысқы Азия ойындарының бойтұмары осы қар барысы болып отыр.

Сонымен қатар төрінде бірегей ғажайып Бәйтерек кешені  бар елордамыздың да қазіргі уақытта шетелдік туристер арасындағы танымалдығы артып келеді.

Қазіргі уақытта елімізде «Жеті керемет» конкурсы өтіп жатыр. Аталған шараның негізгі мақсаты - туристік мүмкіндігімізді насихаттау және Қазақстанның  жағымды туристік имиджін құру.  Дегенмен осы байқауға және туристік брендті жасауға кез-келген азамат өз үлесін қоса алады.  

 -Сіз туристке Қазақстанның қай жерлеріне саяхат жасауына ақыл-кеңес бересіз? Жалпы өзіңіздің демалысыңыздың қайда өткенін қалайсыз?

 -Шынымды айтсам, өзім еңбек демалысына сирек шығамын. Дегенмен Шығыс Қазақстанды өте жақсы көремін. Өйткені Жер шарының дәл осы  шағын бөлігінен Еуразияға тән пейзаждың барлығын дерлік бақылауға мүмкіндік бар. Бұл - жазық далалар, орман-таулар, жасыл белдер, шатқалдар және шөлдер. Яғни сан-алуандығымен өзіңді баурап алады.

Сонымен қатар Алматы облысының табиғаты ғажайып. Мәселен, Тамғалы тас, Шарын шатқалдарын атауға болады. Алайда еліміздің қай аймағын алып қарасақ та, олардың өзіндік ғажайып жерлерінің, сұлу табиғатының бар екендігін атап өткім келеді.

  -Таяу арада ел ордасы - Астанада Дүниежүзілік туристік ұйымның Бас ассамблеясының 18-ші сессиясы өтеді. Осы орайда алқалы жиынға дайындық барысымен, жалпы осы ұйым туралы кеңінен айтып берсеңіз.

 -Қазақстан 1993 жылы Дүниежүзілік туристік ұйымның құрамына тұрақты мүшесі ретінде қабылданған болатын. 2007 жылы қарашада Колумбияның Картахена де Индиас қаласында өткен жиында Қазақстан аталған ұйымның Атқару кеңесінің құрамына сайланса, ал елордамыз Астана ТМД елдері арасында алғашқы болып, 2009 жылы Бас ассамблеяның 18-ші сессиясының өтетін орны ретінде белгіленген еді.

Бұл іс-шара республикамызды жаңа туристік бағыт ретінде таныстыруға мүмкіндік береді және отандық туристік индустрияның дамуына мүмкіндік беретін инвестицияның тартымдылығының жоғарылауына жағдай жасайды.

18-ші сессияға дайындалу үшін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен ведомствоаралық Ұйымдастыру комитеті құрылып, Ішкі істер министрлігімен алқалы жиынға қатысатын ресми делегация мүшелерінің қауіпсіздік мәселелері жан-жақты талқыланды. Ал сыртқы істер министрлігі өз кезегінде қонақтарға визалық қолдауды қамтамасыз етуге көмектесті. Сонымен қатар біз Астана қаласы әкімдігімен де тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз.

Біздің басты мақсатымыз - Бас ассамблея жұмысын лайықты өткізу. Қазір біз мәре сызығына таяп қалдық, қазан айында Астанаға әлемнің 150-ден астам елдерінің өкілдері келеді. Жалпы біздер алқалы  жиында 800-900 қатысушы бас қосады деп күтіп отырмыз.