Біздің бүгінгі жетістіктеріміз қайнар бастауын Ата Заңымыздан алады - Жарасбай Сүлейменов, жазушы-журналист, Мәжіліс депутаты

АСТАНА. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 15 жыл толады. Осы орайда Ата Заңымыздың жетістіктері туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, осы Палатаның Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты,

Біздің бүгінгі жетістіктеріміз қайнар бастауын Ата Заңымыздан алады  - Жарасбай Сүлейменов, жазушы-журналист, Мәжіліс депутаты

екінші дәрежелі «Достық» орденінің иегері, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жарасбай Сүлейменов өз ойларын ортаға салды.

- Ата Заңымыздың 15 жылдығы - ел өміріндегі айтулы оқиға. Бүгінгі таңда Қазақстан - әлемдегі өркениет жолымен серпінді дамып келе жатқан мемлекеттердің бірі. Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін біздің еліміз өзінің даму бағыттарын және алдында тұрған міндеттерін айқындап алды. Сол мақсаттарға жету жолында кезең-кезеңмен келелі істерді жүзеге асырып келе жатыр. Егемендік алғаннан кейінгі кезеңде мемлекетімізде болған өзгерістер ұшан-теңіз. Қай саланы алып қарасақ та, елдік жетістіктеріміз айқын көрініп тұр. Оның ішінде Елбасының үлкен бір көрегендігі - алдымен экономикаға қатысты мәселелерді жедел дамытуды қолға алғандығы. Соның арқасында біздің экономикамыз өрге басты, өзге елдер Қазақстанның сенімді әріптес болуға лайықты мемлекет екеніне көз жеткізді, шетел инвестициясын тартуға жол ашылды. Негізгі мәселелерді шешіп алған соң, әлеуметтік, руханият мәселелерін соған ілестіре шешуге мүмкіндік жасалды. Осы бағытымыз өз жүйесін тез тауып кеткен жол болып саналады. Көптеген шетелдер осыған ден қоятыны анық. Мұндай маңызды міндеттерді, іргелі мақсаттарды орайластыра алмағандардың жағдайы не болып жатқанын әлем жұртшылығы көріп отыр. Жалпы, біздің бүгінгі жетістіктеріміз өз бастауын Ата Заңымыздан алады. Бұл ақиқатты баса айтуымыз керек.

Ата Заңымыздың негізгі күш-қуаты халықтың ойына, мақсат-мүддесіне суарылған деп ойлаймын. Әр бабы, әр тармағы елдің көкейінен шығады. Өйткені 1995 жылғы тамыздың 30-ында өткен бүкілхалықтық референдумға халық өте жоғары белсенділікпен қатысты. Мен ол кезде республикалық радионың Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқардым. Барлық аудандарды аралап, үлкен жиналыстарға қатысып, әр адамның өз аузымен айтқан пікірін жазып алып, радио арқылы елге таратып, халықпен етене араласып жүрдік. Сол кезде тұрғындардың Конституция туралы оң пікірін, ізгі ниетін анық сезіндім. Қабылданғанға дейін азаматтарымыз әр жолын, әр бабын талқылап, өз ойларын айтып, жаңа тұжырымдарды қолдап сөз сөйледі. Соның қорытындысында Ата Заңымыз өмірге келді ғой.

1995 жылға дейін де Конституциялар болғанын жақсы білеміз. Айталық, 1993 жылғы Конституцияның ғұмыры ұзақ болмады ғой.

Бұрынғы Ата Заңдарымыздан қазіргі Конституцияның басты артықшылығы бүгінгі таңдағы қоғамның дамуы әлемдік қауымдастық деңгейінде қарастырылды. Мысалы, бұл Заңымызда нарық экономикасына, жерге қатысты және басқа да көптеген күрделі мәселелердің реттелуі ескерілді де, елдің қазіргідей дамуына кең жол ашылды. Мәселен, кейде заң қабылданады, бірақ ол заң өзінің діттеген мақсатына жетпей жатады. Өйткені ондай заңды көргенде аспаннан түскендей әсерде боласың. Ал Ата заңымыз халықтың көкейіндегі ойды қозғап, тілегі мен мақсатынан туындаған соң, өміршең болып отыр. Еліміздің дамуына, халқымыздың тұрмыс жағдайының артуына үлкен жағдай жасады.

Ата Заңымыздың беташарында алдымызға қандай бағыт қойғанымыз, кім үшін қабылдап отырғанымыз анық жазылған. Қоғам мен болашақ ұрпақ алдындағы жоғары жауапкершiлiкті сезiне отырып, халықтың бейбiтшiлігі сақталған азаматтық қоғамда еркiн өмір сүріп, өркениет жолында дамуына жағдай жасау мақсатын көздеп отырғандығымыз туралы елдік ұстанымымыз анық жеткізілген. Соның бәрі қазір жүзеге асты. Елдің барлық саладағы қол жеткізген табыстарының игіліктерін халық көріп отыр.

Мысалы, 1990 жылдардың ауыртпашылығы әлі күнге көз алдымызда. Елде қандай жағдай болғанын жақсы білеміз. Электр жарығы жоқ, жылу жоқ, халыққа тиесілі еңбекақы да, зейнетақы да, жәрдемақы да жоқ. Ақшаларын айлап-жылдап ала алмай жүрді. Зейнетақының қарызы бір жылдан асқан кездері де болды. Халық қатты күйзелді. Олардың көкейінде «Қайда барамыз, келер күніміз не болады?» деген сұрақ тұрды. Ол елдің ой-санасын да дағдарысқа түсірген кезең еді. Ал 1995 жылы жаңа Конституция қабылданғаннан кейін барлық мәселе шешімін тапты. Бүгінгі таңда «Зейнетақы уақытында келмей қалады-ау» деген күмән ешкімнің ойына кіріп шықпайды. Сол кезде жарықтың, жылудың, қаржының болмағанын жұрттың көбі ұмытты.

Келесі бір мәселе, соңғы жылдары дүниежүзін әуреге салған әлемдік қаржы дағдарысы туралы. Батыстағы көптеген елдер мемлекеттік шығыстарды қысқартып жатыр. Бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақысын өсірудің орнына оны кеміту жағын ойластырып, қиналып отырған зейнетақыны төлеуде де күрделі мәселелерге ұшырап жатқан елдер бар. Ал біздің елде әлемдік қаржы дағдарысының алдын алу шаралары нәтижелі жүргізілгендіктен, мемлекетіміз де, халқымыз да ауыр соққыға ұшыраған жоқ. Елбасының Жолдауына байланысты зейнетақы да, бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы да өсіп келеді. Өткен жылы 25 пайыз қосылды, биыл да 25 пайызға артты. Келесі жылы тағы да өсейін деп тұр. Осының барлығы - біздің еліміздің күш-қуатының артқанын, Ата Заңымыз арқылы мемлекетіміздің таңдаған жолының дұрыс екендігін дәлелдейтін нақты көрсеткіштер. Қоғамның әрбір мүшесі белсенді атсалысқанының арқасында бүгінгі табыстарға қол жеткіздік.

- Жарасбай Қабдоллаұлы, Сіз депутаттыққа сайланғанға дейін өзіңіз туып-өскен Солтүстік Қазақстан облысында ұзақ жыл еңбек еттіңіз. Ол өңірдің тарихын да, табиғатын да жақсы білесіз. Ата Заңымыздың арқасында келген жетістік деп қандай табыстарды айтар едіңіз?

- Конституцияның өткен кезең ішіндегі ең басты жетістігі деп айтуға тұрарлық өзгеріс - тұрғындардың бірлігі, Қазақстанға деген патриоттық сезімдерінің қалыптасуы. Өйткені әр өңірдің өзіндік ерекшелігі болады. Солтүстікте қазақ ұлтының аздығы, өзге ұлт өкілдерінің көп тұратындығы жасырын емес. Мысалы, тәуелсіздік жарияланған алғашқы жылдары кейбір ниеті бөтен адамдар көңілімізге қона қоймайтын пікірлер айтып жүрді. Тіл мәселесіне қарсылар болды, қос азаматтық алғысы келгендер де табылды. Жеке адамдар ғана емес, қоғамдық ұйымдар да мұндай мәселені қозғап, ел ішіне түрткі салып отырды. Бірақ халық бәрін түсінді. Әр азамат мемлекет мүддесіне қарсы шықпай, ортақ іске бірігу қажеттігін ұғына білді. Жылдар өте келе халық арасына ши жүгірткісі келгендердің әрекеті қолдаусыз қалды.

Ал бүгінгі таңда жағдай мүлдем басқаша. Тіпті қай ұлт өкілі болса да: «Мен Қазақстан Республикасының азаматымын! Осы елдің өркендеуіне қызмет етемін! Бұл ел менің Отаныма айналып отыр» деген пікірге бәрі де беріліп, қазір өңірде мамыражай ахуал қалыптасты. «Сен анадай ұлтсың, мен мынадай ұлтпын» деген бөлінушілік жоқ. Осындай ұлтаралық келісімнің жарасым табуы тұрғындардың бейбіт өмір сүріп, алаңсыз еңбек етуіне, отбасының жағдайын ойлауына, сол арқылы елдің дамуына оң әсер етіп отыр. Ең бір үлкен өзгеріс деп осыны айтар едім. Бұдан басқа экономикада, өнеркәсіпте, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуында болып жатқан өзгерістер көп қой. Қала да, аудан да, ауыл да адам танымастай өзгерді. Бұрын Кеңес одағы дүркіреп тұрған кезде біздің түсімізге де кіріп шықпаған көптеген ғажайыптар жасалып жатыр.

Мен жуырда ғана Қызылжар өңіріне барып келдім. Елге оралып жатқан қандастарымызға 140 үйден тұратын арнайы ақшаңқан ауыл бой көтерді. Алла жазса, күзге дейін пайдалануға берілейін деп тұр. «Бәйтерек» деген әдемі атауға ие болды. Үй өз алдына, отандастарымыздың еңбек етіп, күн көріп, табыс табуы үшін де сол жерден барлық жағдай жасалатыны қарастырылған.

Жалпы, бұл өңірдің өндіріс пен өнеркәсіпті дамытуда да мүмкіндігі мол. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жуырда барған сапарында жаңа комбайндар құрастыратын өндіріс орнында болды. Елбасы егін алқабының кемелеріне «Қызылжар» деген атау беру жөнінде ұсыныс жасады. Бұл ұсыныс сол жерде бірден қолдауға ие болды.

Өңірде ауыл шаруашылығы өркен жайып келеді. Жылда елімізде өндірілетін астықтың едәуір бөлігін Солтүстік Қазақстан облысы береді. Биыл да ауа райының қолайсыздығына қарамастан, кейбір алқаптарда егін бітік шыққан. Қандай қуаңшылық болса да, өткен жылғы табысты қайталайын деп отыр.

Алдағы міндет өндіріс пен өнеркәсіпті жаңа заманға лайықты ілгері бастыру үшін өңірлерде индустриялық-инновациялық жобаларды дамыту қажет. Бұл - Елбасының бастамасы.

- Ұлттық салт-дәстүр мен ана тілдің қолдануына келгенде солтүстік өңір мұзды мұхит секілді сеңі қозғалмаушы еді. Ал қазір мемлекеттік тілдің дамуы қандай деңгейде? Қазақ мектептерінің қатары артты ма?

- Бұл бағытта да оң қадамдар жасалып жатыр. Өте күрделі мәселе. Бәрін бірден атқара салатын шаруа емес. Соның өзінде де өңірде жақсы серпіліс бар. Айталық, осыдан жиырма жыл бұрын облыс орталығында бір ғана қазақ мектебі болатын. Қазір алты-жеті қазақ мектебі ашылды. Балаларын мемлекеттік тілде оқытуға деген халықтың ықыласы ерекше. Ана тілінде тәлім беретін мектептерге оқушылар сыймай жатыр. Кейбір білім ордаларында екі ауысымда оқып жатқандар бар. Бұл нені көрсетеді? Бұл қызылжарлықтардың мемлекеттік тілге деген оң көзқарасын көрсетеді. Тіпті көптеген өзге ұлттың балалары тілді меңгеру үшін қазақ балабақшаларына барып жүр.

Орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәнін оқыту ісі дұрыс жолға қойылды. Кезінде мамандар да жетіспеуші еді. Бұл пәнге үстірт қараушылар да аз емес болатын. Қазір олай емес. Білікті мамандарды даярлау ісі қолға алынды. Мысалы, Петропавлдағы мемлекеттік университеттің жанынан үш-төрт жыл бұрын Тіл және әдебиет институты ашылды. Жуырда орыс мектебінің бір топ түлектері сол оқу орнын тәмамдап шықты. Мемлекеттік тілдің маманы болғандардың ішінде әр түрлі ұлттың өкілдері бар. Қазір олар мектепке барып, қазақ тілінен дәріс беріп жүр.

Сондай-ақ бұрын аудандарда қазақ газеттері болмайтын еді. Қазір барлық аудандарда дербес қазақ газеттері шығады. Қалалық қазақ тіліндегі газет те болмаған-ды. Бүгінгі таңда қала оқырмандарының сұранысына орай мемлекеттік тілдегі газет те шығып тұр. Рухани салада осындай-осындай ізгі бастамалар жүзеге асып жатыр. Әлі де шешімін күтіп тұрған мәселелер де бар. Дегенмен де үрдіс алған оң өзгерістерге халықтың көзі жетіп отыр.

- Солтүстік өңірде де көптеген ұлт пен ұлыстардың өкілдері шоғырланған. Олар да еліміздің ынтымағы берік болуына үлес қосып отырған шығар?

- Елімізде 100-ден астам ұлттың өкілі бар деп жүрміз ғой, солтүстік өңірде де сонша халықтың өкілі тұрып жатыр. Айталық, өте көп шоғырланған украиндар, немістер, армяндар, әзірбайжандар, орыстар, татарлар, башқұрттар және басқа диаспоралардың ұлттық орталықтары бар. Олардың барлығы бейбіт тұруына, еңбек етіп, өнері мен мәдениетін өркендетуіне жағдай жасалған. Ұлттық орталықтар өз мәселелерін шешумен қатар қазақ мемлекетінің, қазақ тілінің қолдаушысы болып, елдік тақырыптағы іс-шараларға да белсене қатысады. Мемлекеттік тілдің дамуына олар да үлес қосып жатыр, оған сөз жоқ. Қазақстандағы ұлтаралық келісім мен достықтың қанат жаюына белсене атсалысуда. Өздерінің атқарып жатқан істерінің мазмұны мен мақсаты соған бейімделген. Барлығы бір шаңырақтың астына бірігіп отыр.

- Жарасбай Қабдоллаұлы, енді Конституциямыздың мемлекеттік деңгейдегі рөлі жөнінде ой өрбітсеңіз. Сіз депутат ретінде алдағы уақытта әлі де жетілдіре түсу жағына қарай Ата Заңымызға өзгерістер енгізу қажет деп ойлайсыз ба?

- Менің ойымша, қазіргі қолданыстағы Ата Заңымыз өзінің бүкіл мүмкіндігін әлі сарқып болған жоқ. Ол - әлі талай жылға еліміздің дамуына оң әсерін тигізетін, халқымызға қызмет ете беретін басты құжат. Әрине, өмір болған соң, ғарыштық жылдамдықпен алға басқан, күнде жаңалықтары еніп жатқан заманымызда, әлемде өзгерістер болып жатқанда, Ата Заңымызға да толықтырулар енгізу орынды талап. Дәл қазір мына бабына түзету енгізу қажет деп айтпай-ақ қояйық. Өйткені Конституция жиі-жиі өзгерте беретін салалық заңдар емес. Дегенмен қандай заңға да өзгерістер енгізуді заманның өзі тудырады. Мәселен, 2007 жылғы Конституцияға енгізілген толықтырулар өзін ақтады. Еліміздің саяси өміріне жаңа леп ала келді. Қоғамға тигізген пайдасы мен тиімділігі зор болды. Талқылау кезінде де біраз пікірлер айтылды. Жалпы, халықтың үміті ақталды. Мәжіліс депутаттарының қатары артып, Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан 9 депутаттың қосылғаны өте орынды шешім болды деп ойлаймын. Олар тек өз ұлтының мүддесін қорғау үшін ғана емес, біртұтас Қазақстан халқы атынан сайланып отыр.

- Сіз қаламгер ретінде ұлттық рухани дүниемізді қорғаушылардың бірісіз ғой. Өнер, мәдениет, әдебиет саласын дамытудағы Конституцияның рөлі қандай деп ойлайсыз?

- Бұл саланы өркендетудегі Ата Заңымыздың үлесі ұшан-теңіз. Мәселен, екінші бөлімді алып қарасақ, адам және адамзатқа қажетті өнер мен мәдениетке қатысты, білім мен ғылымға қатысты, денсаулыққа қатысты мемлекетіміздің міндеттері айқындалған ғой. Соның бәрі өзінің жүйесімен жүзеге асып келе жатыр. Егер осы әлеуметтік бағытымыз дамытылмай қалса, басқа салаларымыздағы табыстарымыз бүгінгідей айшықты болмас еді. Қоғамның әрбір мүшесі игілікті көріп отыр. Аталған саланы әрі қарай дамыта беру үшін қоғамның өзгерістеріне орай кейбір заңдарды жетілдіре түсу қажет. Конституция аясында рухани саланың да өрге баса беретініне кәміл сенемін.

- Ата Заңның 15 жылдығына орай айтар тілегіңіз?

- Тілек - біреу. Мемлекетіміздің алдында асқаралы міндеттер тұр. Сол бағыты айқын бағдарламалар ойдағыдай жүзеге асып, ел тыныш, халық аман болсын! Ата Заңымыздың өзінде де еліміздің ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп жазылған ғой. Бізге ең қымбаты - елдің тыныштығы. Болашақ ұрпақ үшін үлкен мемлекет құрып жатырмыз. Осы елдің іргесі берік болсын. Дамыған елдердің қатарынан көрінсек, аңсаған арманымыздың орындалғаны деп ойлаймын. Ұлық мерекеміз халқымызға береке әкеле берсін!