Біздің бұл форум бейресми сұхбат алаңы - Қаржылық және салықтық құқық ғылыми-зерттеу институтының директоры
АЛМАТЫ. 18 қазан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда 6-қазақстандық салық форумы өтіп жатыр. Оны Қаржылық және салықтық құқық ғылыми-зерттеу институты,
Қазақстанның «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасы, Қаржылық және салықтық кеңесшілер палатасы, Халықаралық салық қауымдастығы мен «Налоги и финансы» журналы бірігіп ұйымдастырып отыр.
«Бұл сұхбат алаңында салық төлеушілер мен мемлекеттік органдар кім, қайда, қанша салық төлеуі керек деген мәселелерді талқылайды. Көңіл толмайтын қандай жәйттар бар екені айтылып, оны құзырлы органдар жыл ішінде түзеуге тырысады», - дейді Қаржылық және салықтық құқық ғылыми-зерттеу институтының директоры Евгений Порохов.
«Салықтық бәсекелестік және Қазақстан: ерекшеліктері, артықшылықтары және келешегі» деген тақырыппен өтіп жатқан биылғы форум жұмысы екі күнге созылады. Алғашқы күні қазақстандық салық заіңнамасын жетілдірудің өзекті мәселелері сессиялық мәжілістерде жан-жақты талқыға түсетін болады. Ал екінші күні жетекші отандық және халықаралық салық сарапшылары ғылыми-тәжірибелік семинар-тренингтер өткізбек. Сонымен қатар бұл шара кезінде аудиторлық, кеңес беру және заңдық қызметтер, мерзімді басылымдар мен салық салу мәселелеріне қатысты басылымдар көрмесі ұйымдастырылып, «Трансфертті баға құру туралы» ҚР Заңына түсіндірменің тұсаукесері өтеді.