Біздің қоғамға қажетті заңнамалардың ішінде кенжелеп қалғанының бірі – дінге қатысты заң - Р. Сәрпеков
ТАНА. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Осы күндері Парламент қабырғасында «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жобасы талқыланып жатыр
Бұл заң күшіне енетін болса, дін саласындағы түйінді мәселелер қалай реттелмек?. Осы және басқа да сұрақтар төңірегінде заң жобасын талқылау жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Рамазан Сәрпековпен сұхбаттасудың сәті түсті.
- Осыған дейін «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті. Құжаттың тағдыры жұртшылықты толғандырып отырғаны рас. Ендеше сұхбатымызды «заң жобасын Парламент қабырғасына әкелуге не түрткі болды?» деген сұрақтан бастасақ.
- Біздің қоғамға қажетті ұлттық заңнамалардың ішінде кенжелеп қалған, қазіргі уақытта жетілдіруді қажет етіп отырған құжаттардың бірі - дін мәселесінің төңірегіндегі заң десе болады. Баршаға мәлім, Қазақстанда Ата заңымызды қоса есептегенде 360-қа жуық ұлттық заңдарымыз бар. Олар қоғам өміріне қатысты барлық салаларды қамтиды. Біз уақыт өте келе осы заңдарға заман талабына сай өзгертулер мен толықтырулар енгізіп отырамыз. Ал Қазақстандағы дін қызметін реттейтін заң 1992 жылы қаңтар айында қабылданған еді. Яғни, ол Қазақстан Республикасы ресми түрде өзінің Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін бір айдан соң-ақ қабылданды. Сол уақыттан бері аталмыш заңға 7-8 рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілген. Оның өзінде де заңның редакциялық мәселелерін анықтау сияқты көп күрделе жайттарды шеше бермейтін, жеңіл-желпі өзгертулер мен толықтырулар енгізілген. Бұл мәселелер қазір қордаланып, шоғырланып қалған дүние болып отыр. Ал оның сыртында біздің ұлттық заңнамамыз барлық сала бойынша ілгері жылжып кетті. Біздің Ата заңымыздың өзі 1995 жылы қабылданған. Ал біз талқылап отырған құжат осы Ата заңнан үш жыл бұрын қабылданған. Сондықтан оны дін саласын реттейтін заңдағы дін бостандығы, діни наным, діни бірлестіктер мәселелерін Конституция талаптарымен сәйкестендіруді заман талап етіп отыр.
Екіншіден, Қазақстан Тәуелсіздігін алған уақытта елдегі діни бірлестіктердің саны 100-ге де жетпейтін. Бүгінде еліміздің территориясында 4 мыңға жуық әртүрлі діни бірлестіктер жұмыс істеуде. Солардың басым көпшілігі ресми түрде мемлекеттік тіркеуден өтпеген. Қазақшалап айтсақ, «кімнің немен айналысып жүргенін» біз білмейміз, яғни біз оларға тым еркіндік беріп қойдық. Сондықтан бұл мәселені де бір тәртіпке салатын уақыт жетті. Осы себепті Мәжілістің қарауында бір жетіден бері «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның жобасы жатыр. Аталмыш құжат Мәжілістегі 7 тұрақты комитеттің бірі - Заңнама және сот-құқықтық реформалар комитетінің қарауына беріліп, мен осы заң жобасына қатысты жұмыс тобының жетекшісі болып тағайындалдым. Осы уақытта әрбір тұрақты комитеттің, 15-ке жуық мемлекеттік органдардың, заң жобасын дайындаған агенттіктің, үкіметтің және діни бірлестік өкілдері болып жұмыс тобының қызметін бастап кеттік.
- Бұл заңда қандай өзгерістер бар?
- Бұл мәселелерді 5-6 бағытқа бөліп қарастыруға болады. Бірінші мәселе - еліміздегі діни бірлестіктер мен діни қызметтің төңірегінде және осы салада қолданып қалған негізгі ұғымдарға анықтама беру қажет. Мысалы, «діни бірлестіктер дегеніміз не, ол кімдерден тұрады және ол қалай құрылады?» деген мәселенің түйінін тарқатуымыз керек. Сондай-ақ «мемлекеттік органдар мен діни бірлестіктердің қызметі қалайша көрініс табуы керек?» деген мәселе төңірегінде ойлануымыз керек. «Діни миссионерлік қызмет дегеніміз не, біздің елде кім миссонер бола алады және ол қандай іспен айналыса алады?» деген мәселеге де жауап табуымыз қажет. Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта босағамыздан қарасын көрсете сала «төр менікі» дейтіндер көбейіп кетті. Олар бізге жағымды дінді уағыздап жүр ме, жоқ әлде басқадай бөтен көзқарастағы дінді тықпалап жүр ме, оны біле бермейміз. Оның үстіне бөтен көзқарасты дінді насихаттап жүрген азаматтарды жауапқа тарту, «оларға қандай шара қолдану керек, олар ұсталған уақыттан кейін қай уақытқа дейін еліміздің территориясында қала алады?» деген мәселелер де осы уақытқа дейін қаралмапты. Бұл екінші топтағы мәселелер.
Ал үшінші топ - діни бірлестіктердің ғибадат ететін орындарына қатысты. Яғни, біз бұл ретте «діни бірлестік өкілдері ғибадат ететін үй дегеніміз не, ол неден тұрады, оның ішінде қандай мәселелерді қарауға рұқсат етіледі?» деген сұрақтарға жауап іздейтін боламыз. Жақында ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 4-ші шақырылған Парламенттің 5-ші сессиясында түрмелердің ішінде де мешіт, шіркеу сияқты ғибадат ету орындары көбейіп кеткендігін айтқан болатын. Үшінші топтағы міндеттер осындай мәселелерді де қамтиды.
Ал төртінші топ - жаңадан құрылатын діни бірлестіктердің ресми түрде тіркеуден өту мәселесін қамтиды. Яғни, мұнда «тіркеуге қандай құжаттар дайындау керек, оның жарлығы қалай болуы керек, міндетті түрде төленетін алымдар қалай жүзеге асады?» деген сияқты мәселелер қаралады.
Бесіншіден, біз Қазақстандағы діни ұйымдарды 3 топқа бөліп қарастырып отырмыз. Біріншісі - жергілікті ауылдық, аудандық жерлерде құрылатын ұйымдар, екіншісі - облыстық деңгейде және Астана мен Алматыда құрылатын ұйымдар, үшіншісі - республикалық деңгейдегі ұйымдар. «Осы ұйымдарға қанша адам мүше бола алады, ынталы топқа кімдер кіру керек, оның жасы нешеде болуы керек, көзқарасы қалай болуы керек?» деген жайттарды осы заң жобасында қамтып берсек деген ойдамыз. Бесінші топтағы тағы бір проблема - тіркеуден бой тасалап жүрген діни ұйымдардың қаржыландырылу мәселесі. Яғни, олар қайдан қаржыландырылып отыр?. Біздегі қазіргі тәртіп бойынша мемлекет пен дін бір-бірінен бөлек. Олар бір-бірінің ісіне араласа алмайды. Осыған қарай біз қаржыландыру мәселесіне келгенде, «ол қаржы не үшін бөлінді, шын жақсы ниетпен бөлінді ме?» деген нормаларды жетілдірмекпіз. Бесінші топта жергілікті атқарушы билік пен діни бірлестіктердің ара қатынасына қатысты бір мәселе бар. Айталық, елдегі дін мәселелерін реттейтін агенттіктің 80-ге жуық өзінің өкілдері бар. Олар 14 облыс пен Алматы және Астана қалаларында ғана құрылған. Онда 80-90 адам ғана жұмыс істейді. Ал дін мәселесі, негізінен, ауылдық аймақта көбірек көрініс табады. Ендеше агенттіктің аудандар мен ауылдық аймақтарда да өкілдері болулары керек деген ойдамыз. Өйткені облыста отырған өкіл еліміздің шалғай амағында болып жатқан оқиғаны қалайша естіп, білмек?. Сондықтан агенттіктің жергілікті жерлерде де мамандары болғаны жөн.
Ал алтыншы топтағы маңызды жәйт - діни берлестіктердің қайтадан тіркеуден өтулеріне қатысты. Біз бұл ретте елдегі діни бірлестіктердің барлығы заңсыз жұмыс істеп отыр деген ойдан аулақпыз. Алайда діни бірлестіктерге қанша мерзімге өкілдік беруіміз керек деген мәселені де пысықтап алғанымыз жөн. Яғни, бұлар негізгі тұжырымдамалық мәселелер. Қазір Мәжіліс депутаттары тарапынан осы заң жобасын жетілдіруге бағытталған ұсыныстар келіп түсуде. Солардың барлығын қорытындылап, міне екі отырысты өткізіп үлгердік. Оның барысында 26 ұсынысты қарадық. Алда әлі уақыт бар. Сол өзімізге берілген уақыттың ішінде осы заңды пысықтап, еліміздің басқа да ұлттық заңнамалармен үйлестігін шешеміз деген жоспар бар.
- Заң жобасын қарау жөніндегі жұмыс тобының отырысында депутаттардың ұсыныстарын қарадық дедіңіз ғой. Осы ұсыныстарға аз-кем тоқталып өтіңізші. Олар қандай мәселелерді қамтып отыр?
- Жалпы заң шығару тәртібінде заң нормасын жетілдіруге, заң шығаруға құқылы үш субъект бар. Олар: Президент,Парламент және Үкімет. Ал біздің талқымызға ұсынылып отырған заң дінге қатысты. Сондықтан да біз өзіміздің жұмысымызға дін саласының мамандары мен ғалымдардын, діни бірлестіктердің басшыларын тартып отырмыз. Олар өздерінің ойларын белгілі бір депутат арқылы енгізеді. Бірақ ұсыныс-пікірлерін жұмыс тобының отырысында дін саласының өкілдерінің өздері келіп жан-жақты дәлелдеп береді. Ал ұсыныстарды қабылдау барысында ол бір депутаттың немесе тұрақты комитет өкілінің атынан ғана өтеді. Өйткені, заң қалай болған күнде де қадағалануы керек. Біз кез-келген салаға қатысты құжатты талқылағанда сол саланың мамандарын шақыртып, олардың пікірлерін назарға алып отырамыз. Өйткені, кез-келген саланың қызметін сол саланың маманынан артық ешкім білмейді.
Бүгінгі біздің қолданыстағы заңдарымыз бойынша 10 адамның қолын жинап барып қана діни бірлестік құруға болады. Ал осы он адамды депутаттар 50-ге дейін арттыруды ұсынып отыр. Сонымен қатар депутаттардың ұсыныстарының тағы бір тобы діни миссионерлік қызметке қатысты. Қолданыстағы заң бойынша миссионерлік қызметті Қазақстан Республикасының азаматы, шетелдік азаматтар, азаматтығы жоқ азаматтар да атқара береді. Ал Малайзия, Сингапур, Қытай сияқты мемлекеттерде миссионерлік қызметпен сырттан келген адамдар айналыса алмайды. Осы тәжірибені біз де зерттеп көрсек деген ойдамыз. Сонымен қатар мисссонерлерді тіркеу мәселесін де қалыпқа келтіру қажет деген ұсыныс айтылды. Депутаттардың көпшілігі қолдап отырған ұсыныс - заң жобасының қазақша мәтіні мен орысша мәтінінің арасындағы кейбір сөздердің дұрыс аударылмағандығымен байланысты. Яғни, заңнамалық техниканы ретке келтіру керек. Ал жалпы біз қарап отырған құжаттың мына нормасы дұрыс емес екен немесе мынадай нормасын түбегейлі ауыстыру керек деген ұсыныс әзірге келіп түскен жоқ. Заң жобасына қатысты негізгі нормалармен, қағидаттармен депутаттар келісіп отыр. Олар тек осы нормаларды одан әрі жетілдіре түсу керек деген мәселе төңірегіндегі ұсыныстарын білдіруде.
- Жаңа заңда діни ұйымдарды тіркеу мәселесіне қатысты өзгерістер болады деген ойыңызды білдірдіңіз. Бұл - еліміздегі діни ұйымдардың барлығы қайта тіркеуден өтеді деген сөз бе?
- Елімізде мұсылман, христиан сияқты өзге де дәстүрлі діни ұйымдар бар. Олар ресми тіркеуден өткен. Егер біз олардың жұмысын дұрыс деп бағаласақ, олар жаңадан тіркеуден өтпейді. Бірақ олар өздерінің құжаттарын жаңа заңда көрсетілетін талаптармен сәйкестендірулері қажет болады. Айталық, бұрын діни ұйымдар екі-ақ құжат тапсырып келген болса, жаңа заңның жобасы бойынша 3-4 құжат тапсыруға тура келеді. Құжаттарды реттеуге немесе толықтыруға белгілі бір мерзім беріледі. Ал құжаттарын тіркемей, құзырлы органдардан қашып жүретін болса, ондай ұйымдар тіркелмеуі де мүмкін. Яғни, өзінің діни бірлестігінің қызметін жалғастырамын деген адамдар жаңа заң талаптарын орындауға ынталы болулары керек. Жалпы біз бұл заң арқылы талапты қатайтып, діни ұйымдардың барлығын «ұршықтай үйіреміз» деген ниет ұстанып отырған жоқпыз. Біз заң бұзған адамға айыппұл салып, заңбұзушы оған көнбеген жағдайда ғана қатаң шаралар қолдану керек деген сияқты ізгілік ұстанымдарының аясында жұмыс жүргізудеміз. Біз тек діни ұйымның немесе дін өкілінің әрекеті елдің шырқын бұзып, қауіпсіздігіне нұқсан келтірген немесе азаматтардың ар-ұждандарына зардабын тигізген жағдайда ғана қылмыстық жауапкершілікке тарту керек деген сияқты шараларды қолдануға мәжбүр боламыз.