Бізге арақ-шараптан гөрі қымыз бен шұбат туралы заң керек - А. Смайыл
«Орталық Азиядағы ең көп ішетін ел Қазақстан екен. Бұл күлдіретін емес, жылататын мәселе. Бізде арақтың кесірінен қаншама шаңырақ шайқалды. Қаншалықты ұрпақ арақ кесірінен аурушаң, қабілетсіз болып жатқаны туралы бірде-бір зерттеу жоқ. Мұны зерттейтін түріміз де жоқ», - деді депутат. Сонымен қатар, заң жобасына тоқтала келе А. Смайыл кәсіпкерлерді арақ сату арқылы пайда табуға итермелемей, оларды халыққа, экономикаға пайдалы кәсіптер ашуға жағдай жасау керектігін сөз етті.
«Ұрпағын ойлаған елдерде заң басқаша. Норвегияда болдық, ол елде демалыс пен мейрам күндері мейрамхана мен дүкеннің ешқайсысында арақ сатпайды. Егер сататын болса, лицензиядан біржолата айрылады. Сонда Норвегия арақтан түсетін пайданы ойламай отыр ма? Олар ұрпақ үшін осындай әрекетке барып отыр», - дейді А. Смайыл. Осыған орай, депутат арақтан гөрі ұлттық тағамды дамыту мәселесіне назар аударды.
«Біз талай ұсыныс бердік, бірақ соған құлақ түрген ешкім жоқ. Арақ-шараптың орнына ұлттық тағам қымыз бен шұбатты көбейту туралы айттық, ешкімнің қаперіне келмеді. Түсініксіз. Неге арақтың төңірегіне үйіріле береміз, пайдалы іске неге жұмылмаймыз. Мен соған орай, Үкіметке тілегім бар: Арақ-шарап туралы заңды қабылдадыңыздар, енді ұлттық тағамдар туралы заң жобасын әзірлеңіздер. Біз ұлтқа керексіз дүниені қабылдай бермей, өзімізге қажетті заңдарды қабылдайық. Үкімет істемесе депутаттар ондай заңды өзіміз жазайық», - деді депутат.
Еске сала кетейік, заң жобасын талқылау барысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жүргізген зерттеулеріне сәйкес, спирт ішімдіктерін тұтыну деңгейі жөніндегі рейтингте Қазақстан 188 елдің арасында 34-орынды иеленіп отырғаны белгілі болған. «Еліміздің әрбір азаматы жылына орта есеппен шамамен 5,5 литр таза этил спиртін немесе 11 литр арақ тұтынады екен. Нәтижесінде Қазақстан Орталық Азия өңіріндегі арақты ең көп ішетін ел ретінде танылып отыр», - дейді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.