Бізге қандай өзгеріс керек — Еуропада тәжірибе жинап қайтқан кітапханашымен сұхбат

Таяуда Нидерланды елінің Роттердам қаласында халықаралық кітапхана ассоциациялары мен мекемелері федарациясының конгресі өтті. Оған Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық орталық кітапхананың бес бірдей қызметкері қатысып, тәжірибе жинақтап қайтты.

Бізге қандай өзгеріс керек — Еуропада тәжірибе жинап қайтқан кітапханашымен сұхбат
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Конгрестен соң олар Нидерландыдан бөлек, Франция, Италия жерлеріндегі кітапханалармен де танысқан. ҚазАқпарат тілшісі кітапханашы Шекер Нұрғалымқызын әңгімеге тартып, сол сапардан қандай ой түйіп қайтқанын сұрап көрді.

- Роттердам қаласындағы конгреске қанша елден кітапханашылар келді?

- Халықаралық кітапхана ассоциациялары мен мекемелері федарациясы (IFLA) сонау 1921 жылы құрылған. Міне, сол уақыттан бері кітапханашылардың жоғын жоқтап, күйін күйттеп жүр. Жыл сайын әлемнің әр жерінде бастарын қосып, жұмыс жағдайын, руханият ошағын халыққа қалай қызық ету жайын талқыға салады. Биыл Роттердамда өткен 88-ші конгрестің тақырыбы – әр адамның қатысуға тең мүмкіндігі бар инклюзивті қоғамды қалыптастырудағы кітапханалардың рөлі. Оған 150 мемлекеттен 3 мыңнан астам делегат қатысты. Оның ішінде 65 елдің кітапханашылары өз тәжірибелерімен бөлісу үшін арнайы әзірлеген стендтік баяндамаларын ұсынды.


- Жиында қандай тақырыптар талқыға салынды?

- Бұл конгреске қатысу біз үшін үлкен абырой болды. Оның ашылу салтанатына Амстердамның мэрі Альдерман Саид Касми, ИФЛА-ның президенті Барбара Лизон, Нидерланды ханшайымы Лаурентин қатысты. Төрткүл әлемнің түкпір-түкпірінен келген білікті кітапханашылар өзара тәжірибе алмасып, жаңа ақпараттық технологиялар мен кітапханашылардың жетістіктерін талқыладық. Кәсіби байланыстар мен ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнаттық. Конгресс аясында өткен көрмеде ірі кәсіпорындар өздері шығарған заманауи құрал-жабдықтарды ұсынды.


Осы жиында өркениетті елдердің кітапхана саласына деген қамқорлығының ерекше екендігін байқадық. Десек те, біздің кітапханамыздың салыстырмалы түрде алғанда көш соңында қалмағанын көріп қуандық. Оған әлемдегі түгел дерлік кітапханаларды аралап көрген директорымыз Хабиба Мырзаханқызының атқарған еңбегі зор. Әрине, өркениетті елдердегі руханият ошақтарының мүмкіндіктері мол екендігін мойындау керек. Ондағы кітапханаларда заманауи технология, жасанды интеллект, нейросеть тәрізді жаңашыл жұмыстар көш ілгері. Олар бұл құралдарды жас ұрпаққа жаңаша білім беру ісінде пайдалануда. IFLA-ның басқарушы кеңесі 2024 жылы дүниежүзілік кітапхана және ақпарат конгресі өтетін орын ретінде Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласын таңдағанын жариялады. Федерация басшылығының құрамы да екі-үш жылда ауысып, жаңадан сайланып отырады екен. Осы жылы да дәстүрден жаңылмай, жаңа басшы келді.


Төрткүл дүниеден жиналған делегациялар құрамының дені ер адамдар. Басым көпшілігінің магистр, ғылым кандидаты немесе ғылым докторы деген ғылыми атақтары бар. Өйткені, өркениетті елдерде кітапханашы өте құрметті мамандық көрінеді. Дамыған елдерде кітапханашы жоғары айлық алады.

Конгрес біткен соң Еуропаның бірнеше еліндегі кітапханаларды тамашаладық. Нидерландыдан кейін Франция мен Италияға бардық.

- Еуропа кітапханаларының ерекшелігі қандай екен?

- Ол жақтағы кітапханаларда келушілер үшін барлық жағдай жасалған. Ішінде психолог та, дәрігер де бар. Ерекше дизайнмен жарқырап тұрған, іші мұнтаздай таза, еденіне жұмсақ кілем төселген бөлмелерге кірсеңіз құдды бір қымбат қонақүйде жүргендей боласыз. Әр қабатта күзетшілер тұр. Адам құқығы мен қауіпсіздігіне өте көп мән берілген. Айналаны фотоға түсіріп жүрген едік, күзетші «Адамдарды фотоға түсірмесеңіз болды, басқаға шектеу жоқ» деп сыпайы ескертті.

Париждің Жорж Помпиду атындағы ұлттық өнер және мәдениет орталығына бардық. Ол Сенаның оң жағалауында созылып жатқан ең ежелгі бөлігінде орналасқан. Бұл Парижге келетін туристер арасында әйгілі Лувр мен Эйфель мұнарасынан кейінгі ең танымал орталық. Мұнда қазіргі заманғы өнер мұражайы, үлкен кітапхана, концерттер мен көрмелер өткізілетін орындар, акустика мен музыканы зерттеу және үйлестіру институты орналасқан. Музейдің оң жағында, Стравинский алаңында әдемі фонтан бар.


Ғимараттың 2 және 3-қабаттарында үлкен кітапхана орналасқан. Онда кітаптар мен фотосуреттер, бейнежазба материалдар жинақталған. Барлық кітаптар тек оқу залында оқуға беріледі. Сондай-ақ фотосуреттер мен бейнелерді көруге арналған бейнеқұралдар, аудио файлдарды тыңдауға арналған лингафон құрылғылары мол. Помпиду орталығы барлық елдерден келген туристерге өзінің сыртқы түрімен ғана емес, өзінің ішкі мазмұнымен де танымал. Мұражайдың 1-ші қабатында қазіргі заманғы кинофестивальдар, Art House форматындағы кинотеатрлардың көрсетілімдері жиі өткізілетін кинотеатр бар.


Гаагадағы Балалар кітаптарының мұражайы да табан тіредік. Бұл ерекше мұражай өте үлкен аумақта орналасқан, 2-3 қабатты алып жатыр. Дәліздердің қабырғалары кітаптармен қапталып, терезелерде парақтауға болатын алып кітаптар қойылыпты. Іште ойын бөлмелері, лабиринттер, аттракциондар, викториналардың барлық түрлері бар. Балалар емін-еркін ойнап отыр. Баспалдақтарда суреттері бар терезелер жарықтандырылған. Сурет салу бөлмелерінде жайғасқан балақайлар мәз-мейрам. Кейбірі сиқыршылар үңгірінде сусындар жасау ойынына қызыға берілген. Жалпы Балалар кітаптары мұражайының кеңістіктері заманауи әрі ұтымды, балалардың санасы мен қиялын дамыту бағытында ұйымдастырылғаны айқын көрінеді.

- Сапардан қандай ой түйіп қайттыңыз?

- Осы сапардан кейін бізді Қазақстан кітапханаларының жай-күйі алаңдатты… Елімізден, халқымыздан түрі де, ділі де бөлек, заманауи дамыған қоғамды көрдік. «Неге біздің елімізде өркениетті елдердегідей кітапханалар салынбайды, білім мен мәдениеттен неге қалыс қалып барамыз?» деген әттеген-ай ойларымыз да аз емес. Ең бастысы, өзіміздегі барды сақтай отырып, алға ұмтылу, өркениет көшінен қалмауымыз керек. Бүгінгі заманауи кітапхана тек кітап оқитын орын ғана емес, қосымша білім мен тәрбие беретін рухани орда екенін естен шығармауымыз қажет. Кітапханасы озық елдің мәдениеті мен білімі де алда болады.