«Бізге кәсіби тарихшылар керек» - баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 14 маусым, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша,  қарағандылық ғалымдар тағы да бір бірегей дәрі ойлап тап­ты. «Цитофат» деп аталатын препарат қазір Назарбаев Университеттің медициналық ор­талығында клиникалық сынақ­тан өткізілуде.

Жаңа дәріні жасап шығаруды алдымен қолға алған - белгілі ғалым, химия ғылымдарының докторы, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қарағанды мемлекеттік техникалық универ­ситетінің ректоры Арыстан Ғазалиев. Арыстан Мәуленұлы пре­паратты жасап шығару жолындағы жұмыстарын, тіпті, осыдан ширек ғасырдай бұрын, ҰҒА Органикалық синтез жә­не көмір химиясы институты директорының орынбасары қызметін атқарып жүр­ген шағында бастаған екен. Қызметі ауысса да мақсатынан танбаған ғалым бұл жұмысқа ҚарМТУ жанындағы ғылыми-зерттеу институтының химик ғалымдарын, магистранттары мен студенттерін де тартқан.

Ғалымдардың айтуынша, жаңа препарат отандық фар­мацевтика саласына соны серпін беруі тиіс. «Цитофат» бүгінгі қоғамда әлеуметтік дерт­ке айналған бауыр ауруларын емдейді. Оның үстіне, бағасы да қарапайым халық үшін қымбат болмайды. Өйткені, дәрі Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде өсетін өсімдік - термопсистен жасалады екен.

Клиникалық сынақтар бір­неше айға созылуы мүмкін. Себебі, қанша дегенмен, күні ертең адам ағзасына сіңірілетін зат болғандықтан, оны жан-жақты тексеруден өткізу әб­ден керек. Сәтін салып, оң нә­тиже беріп жатса, дәріхана сөре­леріндегі импорт дәрілердің біразын осы қарағандылық препарат ығыстыруы ғажап емес. Бұл материал «Жаңа препарат» деген тақырыппен берілген.

Бас басылымда «Жеребе тартылды» атты мақала жарияланды.Астанада Қазақстан бокс федерациясы кубогы жарысының жеребесі тартылды. Биылғы жылы да қалыптасқан дәстүр бойынша Астана мен Алматы қалаларының және 14 облыстың командалары төрт топқа бөлінді.

А тобына Алматы, Шығыс Қазақ­стан, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласының командасы түсті. В тобында Маңғыстау, Жамбыл, Павлодар мен Ақтөбе облыстарының боксшы­лары шаршы алаңға шығатын болса, С тобындағы жарысқа Қа­ра­­ғанды, Қызылорда, Қостанай облыстары мен Астана қаласының командасы қатысады. D тобында Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Аты­рау мен Батыс Қазақстан об­лыстарының құрамалары өнер көрсетеді.

А тобының айқастары - Талды­қорғанда, В тобының жекпе-жек­тері Ақтауда өтсе, С тобының командалары - Қызылордада, D тобына түскен облыстардың жа­сақтары Көкшетауда шаршы алаңға шығады. Бұдан кейін 8-11 қыркүйек күндері А және С, В және D тобында жеңген ко­мандалар ширек финалда кездеседі. Олардың жеңгендері жартылай финалға шығады. Мемлекеттік жаттықтырушы Болат Абдрахманов жарыстың ережесі бойынша, әрбір командада 20 боксшы болуы керек екенін айтады. Соның ішінде 10 боксшы негізгі құрамда, 10 былғары қолғап иесі резервте болады.

Коман­далар кездескенде бокс­шылар 10 жекпе-жек өткізеді. Егер кездесу 5:5 есебімен тең аяқ­талса, қосымша жекпе-жек өтеді. Оның қай салмақта болатыны жеребеде шешіледі. Сол кезде А тобының командасы 64 килоға дейінгі сал­мақтағы боксшысын, В тобы 56 кило, С тобының құрамасы 81 ки­лоға дейінгі, D тобының командасы 69 килоға дейінгі салмақтағы өкілін дайындап қоюы тиіс.

Жарыстың жартылай финалы мен финалы 14-15 желтоқсан күн­дері өтеді. Финалдың қай қалада болатыны әзірше белгісіз. Оны кейі­­нірек Қазақстан бокс фе­де­рация­сы хабарлайды.

Биылғы кубоктың иегеріне 25 миллион теңге табыс етіледі. Был­­­тырғы жарыста да кубокты жеңіп алған Оңтүстік Қазақстан облы­сының командасы осыншама соманы иеленген болатын.

***

«Айқын» газетінде «Ақиқатқа айналмаған аңыз немесе Бердіқожа батырдың бейіті қалай қазылды» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Қазақтың кең даласында талай сырды ішіне бүкіккен мәлім де, беймәлім бейіттер көп. Бір қызығы, мүжіліп, қисайған молалардың басына ешқандай белгі қойылмаса да, сол төңіректе қоныстанған көнекөздер онда кімнің жерленгені туралы ауыздан ауызға, атадан балаға жеткен аңыздарға сүйеніп айтып береді.

«Егер ғылым осы дүниеге шындап бет бұрса ұлт тарихы сүбелі де, сүйекті деректермен толығуы мүмкін бе?... Тіпті кейбір баһадүрлердің жерленген моласына қатысты екіұшты әңгімелер көп. Дегенмен артынан аңыз қалдырған тұлғаларды тарихтан аршып алудың алғашқы қадамы басталды десек те болғандай. Жыр дастанда да, көрші мемлекеттердің жылнамаларында да аты жиі аталатын Шанышқылы Бердіқожа батырдың бейітін Ә. Марғұлан атындағы археология институты қазып алып, сүйектің ДНҚ-сын зерттеп, халық арасындағы аңыз бен ақиқаттың арасын ашты. Сонымен тарихта Шанышқылы Бердіқожа батыр кім?»,-деп жазады басылым.

***

«Ана тілі» газетінің соңғы санында белгілі тарихшы  Бейімбет Ермұқановпен арадағы сұхбат жарияланды. Тарих ғылымының докторы, профессор. Жалпы тарих және Қазақстан тарихы бойынша білікті ғалым.  

«Менің ойымша, тарих мәдениет­тің ең бір негізгі көрінісі, ал тарихты бұрмалайтын көргенсіздер, мәде­ниеттен хабары жоқ адамдар. Тарих ғылым ретінде өз тәуелсіздігін сақтау қажет. Әйтпесе, ол тарих болмайды. Кез келгеннің қанжығасына ілініп кететін олжа болады. Біздің тарих өз сорпасына өзі қайнаған, шынына келгенде, халықаралық сатыға көтерілмеген тарих, зерттеулеріміз - өз аймағымыздың мәселесі, үлкен философиялық ой-пікір зерттеулер де сирек кездеседі. Тарихшыларымыздың көбі, әсіресе, жасы келгендер шет тілін білмейді, тіпті білгісі де келмейді. Оның орнына шолақ белсенділік, пысықтық қасиетімен шенеуніктерге жағынып, тарихты бұрмалап, діні үшін емес, күні үшін қызмет жасап жүргендер де бар. Елімізді де, мемлекетімізді де, тарихымызды да нығайтып, дамытатын өзіміз, сондықтан да қажырлы еңбек, білім, кәсіпқойлық сана - осының өзі әлемдік деңгейге апаратын бір-ақ шарт»,-дейді ғалым. Осы жайында «Бізге кәсіби тарихшылар керек» атты сұхбаттан толық оқи аласыздар.

Соңғы жаңалықтар