«Бизнес пен алыпсатарлықты шатастырмайық» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 15 ақпан, сенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Бизнес пен алыпсатарлықты шатастырмайық» - баспасөзге шолу

***

Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді. Онда үстіміздегі жылғы Жолдаудың тапсырмалары мен «Қазақстан-2050» Стратегиясын орындаудың мәселелері қарастырылды. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында «Ел дамуындағы межелі міндеттер - әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықтың тұғыры» деген тақырыппен жария етілді. Елбасы басылымның жазуынша, Нұрсұлтан Назарбаев отырыс жұмысын қорытып, сондай-ақ алдағы тұрған міндеттер мен өзгерістер туралы сөз сөйледі. «Өткен жылдың қазан айында біз 9 айдың қорытындысын шығарып, күрделі мәселелерді талқыладық. Сол бойынша мен Үкіметке 33 тапсырма берген едім. Олардың барлығының да орындау мерзімі келсе де 11-і ғана, яғни 33 пайызы ғана іске асқан. Қалғандары сапасыз орындалып, бүгінгі күні әлі де іске асырылу үстінде. Соның ішінде, мысалға айтатын болсақ, «көлеңкелі экономика» бағытында ештеңе істелген жоқ. Бұл мәселені орындауды мен нақты Е.Досаевқа тапсырған едім», - деген Елбасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың түсінік беруін талап етті. Одан әрі Нұрсұлтан Әбішұлы Жолдаудың үстіміздегі жылы алға қойған жеті нақты міндеті мен ұзақмерзімді жоспарларына тоқталып, олардың мінсіз орындалуы зор міндет екенін атап өтті. Осыдан кейін Президент үш күн бұрын ел халқын алаңдатқан маңызды мәселеге тоқталды. «Бұл - теңгенің айырбас бағамын нақтылаған шара. Ол экономика өсімінің 6 пайыз болуына мүмкіндік береді. Ал бұл - алға қойылған мақсат пен міндеттерді орындауға қол жеткізудің ең негізгі көрсеткіші. Сондықтан оны алыпсатарлыққа айналдыруға тырысқандардың жолын кесу керек. Барлық айырбас пункттері мен сауда нүктелерінің жұмысы қатаң бақылануы тиіс. Тәртіпті бұзғандар заң бойынша жазалансын», - дей келіп, Президент ұнды бәлен қапшықтан сатып алып жатқандардың қылығының күлкілі екенін айтты. «Бізде 20 млн. тонна астық бар, сондықтан ұн жетпей қалады деген дақпыртқа алданғандардың қылығы күлкілі. Барлық негізгі тамақтар бізде артығымен қорланған. Халықтың алаңдауына еш негіз жоқ», - деді Елбасы.

Бүгін өнердің ұлы мерекесі! Қазақтың тұңғыш режиссері, Алаш кино өнерінің атаманы Шәкен Айманов дүние есігін ашқан күн. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште», «Бір ауданда», «Атаманның ақыры», «Атамекен» сынды бас-аяғы он төрт фильм түсіріп, Алдар көсе, Исатай, Қодар, Керім, Отелло, Кассио, Хлестаков, Тихон, доктор Кельпак, Грамофоновтай шеберлік шыңына шарықтап кеткен ойлы образдарымен қазақ киносы мен сахна өнерінде құбылыс болған әйгілі актер, тұлғалы режиссердің ұлт руханиятына сіңірген еңбегі орасан. Мәскеудің қара жолында небәрі 56 жасында қапыда қиылған қайран ғұмыр дәл осы күні көзі тірі болғанда бір ғасырды жасап, жүздің көгінде шалқи жүзер еді. Ғасыр тойы тойланғалы отырған кино кемеңгерінің кесек тұлғасын тағы бір мәрте көз алдымыздан өткізсек деген ниетпен «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санында ардагер актриса Хабиба Елебекова апамызбен сұхбат жариялады. «Шәкен жаратылысы бөлек, мінез-құлқы өзгеше, өмірге көзқарасы басқаларға ұқсай бермейтін ерекше жан еді. Сырт көзге ашу-реніш дегенді білмейтін, тек ойын-сауық құрып думандатып жүретін сал-серілердей көрінетін. Рас, Шәкен жалғыз жүргенді ұнатпайтын. Былайғы жұрт та оған үйірсек келетін. Аузынан шыққан сөзге дуылдаса күлісіп мәз болатын. Шәкен дүние-мүлікке, ақшаға қызыққан жан емес. Барды қанағат қылып, жоққа ренжімей жүре беретін. «Жомарттың қалтасы тесік екендігін» өмірінің соңына дейін дәлелдеп өтті. Өзінде бар болса, сұраған адамының қолын қайтарған емес. Кейде өзінің қарызға батып жүретінін қайтерсің. Тегінде, шынайы өнерпаздардың табиғаты солай жаратылған-ау деген ойға келесің», - дейді ол Шәкен Айманов жайында. Сұхбат «Елден ерек жаралған, Шыңға біткен шынарым» деген тақырыппен берілген.

***

«Девальвация болмайды» деп келген Ұлттық банк басшысының сөзіне сенген жұрт 11 ақпанда шалқасынан құлады. Мұны біздің адамдардың экономикалық көзқарасының дұрыс қалыптаспағанының бір дәлелі деп білуіміз керек» дейді қаржыгер-сарапшы Ілияс Исаев. Қаржыгер бұл пікірін «Айқын» газетіне білдірген. Долларға құлдық ұрып, ұлттық валютаға мұрын шүйіре қараудың ар жағында экономикамыздың тек шикізаттық саласына ғана иек артып, ақылмен де, еңбекпен де жұмыс істеуден алшақтауымыз жатыр. «Ұлттық валютамыз - теңге. Олай болса, біз алдымен сол теңгемен жұмыс істеуіміз керек. Ет-сүтті өзіміздің баққан малымыздан алып, өз өнеркәсібіміз тіккен киім-кешекті киіп, отандық өндірістен шыққан тұтыну тауарларын пайдаланатын болсақ, доллардың нығайған-нығаймағаны қарапайым халық үшін білінбейтін де еді. Мәселе осы күнге дейін сондай іспен айналысатын шағын және орта бизнес көзін толыққанды іске қоса алмағанымызда болып отыр. Жалпы, үкіметтің қазіргі жасап отырған қадамы бір жағынан дұрыс. «Несімен дұрыс?» деген сұраққа келетін болсақ, импортқа шектеу қойылады. Ресей де осындай қадамға ішкі отандық өндіріске серпіліс беру үшін барып отыр. Себебі біздікі секілді оларды да ағылған импорт басып барады. Сырттан импорт ағылып келіп тұрған соң, әрі бағасы біздікінен арзандау болған соң, өзі аз өндірілетін отандық өнім бәсекеге шыдай алмауда. Ендігі уақытта, доллар қымбаттағаннан кейін шетелдерден әкелінетін импорт тауардың бағасы да өседі, оны елге сатқан кезде бизнесмендер міндетті түрде үстеме баға қосады. Ал сатып алушы тұрғын¬дардың қалтасы оны көтере бермейді. Азын-аулақ отандық өндіріске тауарын өткізуге мүмкіндік туып, импорт шектелген соң, шағын және орта бизнесшілер өндіріс ашуға бет бұрады деп күтілуде. Әрине, бұл заңдылықтар¬ды назарға алғанда, солай болуы тиіс деген тұжырым, - дейді сарапшы Исаев. Мақала «Бизнес пен алыпсатарлықты шатастырмайық» деген тақырыппен берілген.

Сонымен қатар осы басылымда экономика ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Сағындық Сатыбалдинмен арадағы сұхбат «2050 стратегиясы» - мерзімінен бұрын орындалатын бағдарлама» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа мұнай өңдеу зауытының құрылысын кешеуілдетпей бастау туралы билікке арнайы міндет жүктеді. Сонымен қатар Қазақстан ядролық отын өндірісі мен экспорты жағынан әлемдік көшбастаушы мемлекет болып тұрған шақта, тұтастай Еуропа мен Жапонияның өзі де атом электр стансаларынан бас тартпай тұрған шақта, дүниежүзі түгелдей дерлік атом энергиясы болашақтың қуат көзі екенін біліп, жұмыс істеп жатқан шақта, біздің «Фукусимо синдромы» дертімен ауруымыз мүлде қателік екенін атап айтып, АЭС құрылысын да жеделдетіп қолға алу қажеттігін Үкіметтегі лауазымды тұлғаларға ерекше тапсырма ретінде жүктеді. Бұдан шығатын қорытынды ұлт Көшбасшысы ел дамуын, халық дамуын бөле-жара қарамай, тұтас кеңістікте қарастырған деген тұжырым. Елбасының осы Жолдауындағы барлық нақты тапсырмала¬ры бірін-бірі дамытушы, бірін-бірі қолдаушы, қорғаушы қызмет істеп тұрғандай», - дейді.