Бизнестің айтулы жеңісі: Тексерістер күрт төмендейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Келесі жылдан бастап отандық кәсіпкерлердің тынысы ашылады. Иә, дәл солай. Бизнестің тынысы кәдімгідей ашылады. Себебі қазіргі тексерістерді бірден 30 пайызға қысқарту жоспарланып отыр. Әсіресе, санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен өрт қауіпсіздігі саласындағы тексеріс шаралары барынша азаяды деген болжам бар. ҚазАқпарат тілшісі жаңа заң жобасының негізгі нормаларын сараптап көргенді жөн көрді.

Бизнестің айтулы жеңісі: Тексерістер күрт төмендейді

Бүгінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласында ескірген, тіпті ешқандай логикаға сай келмейтін талаптар аз емес. Мәселен, қоғамдық тамақтану орындарына қатысты ережелерге сәйкес, қара нан және ақ нан бөлек сақталуы қажет. Ал астыңғы және үстіңгі сөрелердің арақашықтығы, кем дегенде, 35 сантиметр болуы шарт. Тұрғын үйлерде орналасқан нысандарға түнгі уақытта азық-түлікті кіргізуге рұқсат жоқ. Ал қоғамдық тамақтану орындарына «макарон по-флотски» жасауға тыйым салынған.  Жұмыртқадан жасалатын омлеттің шекті қалыңдығы 3 сантиметрден аспауы тиіс. Сол сияқты азық-түлікті сақтауға қатысты талаптарды тым тәптіштеп тастаған. Мысалы, сусымалы азық-түлік өнімдеріне жататын сөрелер қабырғадан 50 сантиметрге алыс  орнатылуы шарт.

Білім нысандарына қатысты талаптарды да әбден қиындатып жіберген. Балабақшада үстелдер күннің көзі түсетін қабырғадан бір метрге шалғай қойылуы қажет. Ал бір балаға келетін санитарлық-техникалық жабдықтарды ережеден еш ауытқымай орнатса, бір қабатты толығымен дәретхана мен қол жуатын бөлмелерге беруге тура келеді. Өрт қауіпсіздігі саласында да ондай талаптар жетіп артылады. Әлбетте, бизнес үшін қисыны жоқ мыңдаған талаптарды орындау мүмкін емес. Амал жоқ, біреудің аузын майлауға мәжбүр боласың.

Келесі жылдан бастап осы саладағы жағдай түбегейлі өзгеруі керек. Себебі кәсіпкерлік қызметті реттеуге арналған заңға біраз өзгерістер мен толықтырулар енгізілмекші. Аталған өзгерістердің салмақты болатыны сонша, арнайы заң аясында 13 кодекс пен 103 заңға 1000-нан астам түзетулер жасалады. «Біріншіден, бақылау шаралары түбегейлі өзгереді. Заң аясында «профилактикалық бақылау» деген түсінік енгізіледі. Аталған реформа тексерушілердің саясаты мен психологиясын өзгертуі тиіс. Енді, жазалау қағидатынан бұрын тәртіп бұзушылықтың алдын алуына басымдық жасалады. Бұл дегеніміз, бірден айыппұл салынбайды, алдымен кемшілікті жоюға уақыт беріледі», - дейді Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.

Бұдан бөлек, бақылауға жататын 114 саланың 27-сі қысқартылады. Бұл дегеніміз, белгілі бір кәсіп емес, тұтас ондаған сала мүлдем бақыланбайды. Сосын мемлекеттік органдардың бір-бірін қайталайтын 137 қадағалау функциясын алып тастау жоспарланған. Министр мырзаның сөзіне қарағанда, аталған шаралардың аясында аймақтарда отырған 1137 штаттық бірлікті басқа жұмысқа ауыстыруға тура келеді. «Сондай-ақ, заң аясында бизнесті тексеруге жататын 17,5 мың талапты алып тастау жоспарланып отыр. Қазіргі кезде ондай талаптардың саны 30 мыңды құрайды. Демек, тексеріске қатысты талаптардың жартысынан көбі жойылады. Мәселен, санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікке қатысты талаптардың 85 пайызын, ал өрт қауіпсіздігі бойынша талаптардың 72 пайызын алып тастаймыз», - дейді Тимур Мұратұлы.

Бәрі ойдағыдай болса, келесі жылдан бастап тексерістердің саны бірден 30 пайызға қысқарады. Сондай-ақ, кәсіпкерлік нысандардың инженерлік желілерге қосылуын барынша жеңілдету көзделіп отыр. Ол үшін монополистер тарапынан рұқсат қағаздарды берудің нақты мерзімі белгіленеді. Аталған қызметтерді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, я болмаса, «электронды үкімет» порталы арқылы іске асыру жоспарланған. Осылайша, кәсіпкерлердің шығындарын барынша азайту қарастырылып отыр.

«Бұның барлығы - мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастығы атқарған бірлескен жұмыстың нәтижесі. Барлық шараларды ұлттық экономика министрлігі үйлестіріп отырды. Шыны керек, бизнесті бақылау саласына алғаш рет мұндай күрделі ревизия жасалып отыр. Мәселен, өрт пен санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік саласында тексерістер өте көп. Себебі шағын бизнестің басым бөлігі сауда, қоғамдық тамақтану және тағы басқа қызмет көрсету бойынша жұмыс істеп келеді. Оларға оңай емес. Енді, осы саладағы тексерістер күрт төмендесе, жұмыс жеңілденеді. Монополистердің рұқсаттарын реттеу жағы да жақсы атқарылды. Жалпы, жаңа заң аясындағы өзгерістер отандық бизнестің дамуына оң әсерін тигізеді», - дейді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.

Сөз жоқ, тексерістердің күрт төмендеуі - бизнестің үлкен жеңісі. Дегенмен, мемлекет пен бизнес арасындағы «текетірестің» шегі жоқ сияқты. Себебі мемлекеттік органдар халықтың денсаулығын, қоршаған ортаны қауіпсіздігін сақтаймыз деп, бақылау шараларын үнемі күшейтіп отыруға тырысады. Кей кезде тексерістерді ойдан да құрастырып жатады. Ал бизнес еркін әрекет етуді қалайды, қашанда тексерістердің азайғанын талап етеді. Осылайша, мемлекет пен бизнестің арқан тартысы еш бітпейді. Бүгін қысқартылған тексерістер, ертең-ақ көбейіп шығуы әбден мүмкін. Содан болар, «Атамекен» палатасы осы жолғы ревизияны жыл сайын жасап отыруды ұсынып отыр.