Бизнестің проблемаларын жедел шешіп, дамуын тежейтін кедергілерді анықтау керек - Премьер

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Абай облысына сапары барысында Шүлбі ГЭС-інің жұмысын тексеріп, өңірдегі бірқатар ірі өндірістік кәсіпорынның қызметімен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қуаты 702 МВт Шүлбі гидроэлектростанциясы Шүлбі кентінің жанындағы Ертіс өзенінде орналасқан. Ол қуаты жағынан Ертіс ГЭС каскадындағы үшінші және Қазақстандағы ең ірі станция болып табылады.

Қазіргі уақытта ГЭС-те негізгі жабдықтың жағдайын нақты уақыт режимінде бақылауға және ақауларды ерте кезеңінде анықтауға мүмкіндік беретін кеңейтілген диагностиканың пилоттық жобасы іске асырылуда. Жоба жоспардан тыс тоқтап қалу жағдайларын азайтуға және станцияның апатсыз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге арналған.


«Станса басшылығы Шүлбі ГЭС-інің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және оны жаңғырту үшін бар күшін салуы тиіс. Стансаның қуаттылығын арттыру жөніндегі жоспарлар іске асыра отырып, жақсы нәтижелерге ұмтылу қажет», — деді Әлихан Смайылов.


Үкімет басшысының назарына энергетика және су саласындағы жобалар, соның ішінде 3-ЖЭО, Шүлбі ГЭС қуатын 350 МВт-қа арттыруға мүмкіндік беретін Ертіс өзеніндегі контрреттегіш және жаңа қосалқы станциялардың жобасы ұсынылды.


Бұдан кейін Әлихан Смайылов жылына 10 тоннадан астам концентраттағы алтын өндіретін Жарма ауданында орналасқан Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнында (Polymetal) болды.

Мұнда орналасқан кен-байыту фабрикасының жабдықтары заманауи өлшеуіш құралдарымен және жергілікті автоматикамен жабдықталған. Қазіргі уақытта кәсіпорында 1500-ден астам штаттық қызметкер жұмыс істейді.

2022 жылы зауыт жылына 2,2 млн тонна кен өңдей алатын қуатқа шықты. Әрі қарай бірыңғай тау-кен өндіру және өңдеу кешенінің өнімділігін жылына 2,4 млн тоннаға дейін арттыру жоспарлануда.


«Бизнестің проблемаларын жедел шешіп, оның дамуын тежейтін кедергілерді анықтау керек. Бұл салық салуға, кейбір әкімшілік мәселелерге, мысалы, рұқсатнама немесе басқа құжаттарды беруге қатысты болуы мүмкін. Іскерлік белсенділіктің артуын ынталандыру үшін бұл процестерді оңтайландыру қажет», — деп атап өтті ол.

Сондай-ақ Премьер-Министр май өндіретін «Qazaq Astyq Group» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Зауыт тәулігіне 1000 тоннаға жуық күнбағыс тұқымын немесе 800 тонна рапс немесе зығыр тұқымын өңдей алады. Алдағы уақытта дайын өнім ішкі нарыққа және көршілес елдерге жөнелтіледі. Бүгінде мұнда тазартылған май шығаруға мүмкіндік беретін құны 7 млрд теңге болатын жаңғырту жобасы әзірленуде. Оны жүзеге асыруға қажетті қаржының басым бөлігін мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы тарту жоспарланған.

Әлихан Смайылов әкімдікке ішкі нарықты негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етіп, экспорттағы үлесті арттырып отырған осындай өңдеуші кәсіпорындарға белсенді түрде көмек беру керектігін атап өтті.



Соңғы жаңалықтар