«Бизнестің жол картасы - 2020» аясында шағын бизнестің кредиттік ставкаларын субсидиялау 3 есеге артты
АСТАНА. 22 қазан. ҚазАқпарат - «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында еліміздегі шағын және орта бизнестің кредиттік ставкаларын субсидиялау 3 есеге артты. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Өңірлік даму вице-министрі Серік Жұманғарин осылай айтты.
Брифинг барысында вице-министр кәсіпкерлікті қолдаудың аталған бағыты бойынша субсидиялау мәселесіне тоқталған болатын. Оның айтуынша, бағдарлама аясындағы осы тетік 2010 жылдан бері жүзеге асып келеді. Ал ол бойынша егер кәсіпкердің банктен алған кредиті 14 пайыздан аспайтын болса, оның 7 пайызы бюджеттен субсидияланады. «Бұл бағытта бірқатар проблемалар орын алған еді. Ол негізінен кәсіпкерлер тарапынан бағдарламаның осы тетігіне деген қызығушылықтың күрт артуына байланысты болатын. Атап айтар болсақ, 2011 жылы кәсіпкерлер кредитінің пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау 741 жобаны қамтыса, 2012 жылы 2 мың 67 жоба бюджеттік қолдауға ие болды», - дейді С. Жұманғарин.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Н. Назарбаев 11 қазанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудағы бірқатар кемшіліктерге қатысты сын айтқан болатын.