17:15, 23 Мамыр 2013 | GMT +5
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 136 мың жұмыс орны сақталып, 34 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды - Б.Сағынтаев
АСТАНА. 23 мамыр. ҚазАқпарат - «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 136 мың жұмыс орны сақталып, 34 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл туралы бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында VI Астана экономикалық форумы аясында өткен «Қазақстандағы кәсіпкерлік: талаптары мен мүмкіндіктері» атты сессияда ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.

Елімізде азаматтардың өз кәсібін жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалғандығын баса айтқан Б.Сағынтаев: «Барынша жемісті әрі ауқымды шаралардың бірі - «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы. Оның маңызды аспектісі қолданыстағы жұмыс орындарына қолдау көрсетумен қатар жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталуында болды», - деді.
Оның атап өтуінше, небәрі 3 жылдың ішінде төленген субсидиялардың жалпы көлемі 31,5 млрд. теңгені құрап отыр.
«Аталған бағдарлама бүгінгі күні де өз өзектілігін жойған жоқ. Біз оның тетіктерін кеңейту бағытында тұрақты жұмыс істеудеміз», - деді ол.