«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 600-ден астам кәсіпорынға қолдау көрсетіледі

АСТАНА. 25 шілде. ҚазАқпарат - «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 600-ден астам кәсіпорынға қолдау көрсетіледі. Бұл туралы бүгін ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша өткізілген селекторлық кеңесте мәлім етті.

«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 600-ден астам кәсіпорынға қолдау көрсетіледі

Аталған ведомство баспасөз қызметінің хабарлауынша, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың төрағалығымен өткен кеңеске облыстардың, Астана мен Алматы қалалары әкімдіктерінің, ұлттық компаниялардың басшылары қатысқан.

«Толықтай алғанда бағдарламаның алғашқы үш бағыты аясында жалпы саны 60 мыңнан астам жұмысшысы бар 600-ден астам кәсіпорынға қолдау көрсетіледі. Бұл кәсіпорындарда жобаларды жүзеге асыру аясында жаңадан 11 мыңнан астам жұмыс орындарын құру жоспарлануда», - деді министр.

Оның атап өтуінше, бұл кәсіпорындарға 3 жылдың ішінде бөлінетін субсидия көлемі 18,8 млрд. теңгені құрайды. Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында қолдау көрсетілген 99 кәсіпорын индустрияландыру картасына қосылған. Бұл жобалардың жалпы құны 275,4 млрд. теңгеге тең.