«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының іске асуы бойынша Павлодар облысы үздіктер қатарында

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша қабылданған жобалар санынан республикада алдыңғы қатарда тұр, деп мәлімдеді облыстық кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының басшысы А. Бабанко өңір әкімі Қ. Бозымбаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген кеңесте.
None
None

Бұл туралы әкімдіктің ресми сайты жазады.

Оның мәлімдеуінше, «Пайыздық мөлшерлемені субсидиялау» бағыты бойынша 2014 жылы республикалық бюджеттен 2 530,9 млн. теңге бөлінген. Жыл басынан бері экономиканың басым салалары бойынша барлығы 59 жоба мақұлданды. Осы жылы Шағын қалаларды дамыту бағдарламасы аясында субсидиялау қарастырылған. Бүгінгі таңда Ақсу мен Екібастұз қалаларында 3 млрд. теңге қаражатқа 36 жоба қабылданған.

«Кредитке ішінара кепілдік беру» бағыты бойынша биыл республика бюджетінен 70,0 млн. теңге қарастырылды. Жыл басынан бері 242,8 млн. теңгеге 20 жоба қабылданған. Алайда облыс аудандарында белсенділік төмен. Мәселен, осы бағдарлама іске асқанынан бастап Успен, Ақтоғай, Май, Лебяжі аудандарынан бірде бір жоба ұсынылмаған.

«Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту» бағыты бойынша «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарлама аясында 2014 жылы республикалық бюджеттен 1 731,3 млн. теңге бөлінді. Инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы іске асырылғаннан бері Павлодар облысында барлығы 6,6 млрд. теңге бөлініп, кәсіпкерлердің 27 жобасы мақұлданды. Қазіргі уақытта алты нысан салынып, қолданысқа берілді. Бұдан басқа сегіз нысан бой көтеріп, қолданысқа берілген, алайда олар мемлекеттік теңгерімге берілмеген, ал жеті нысанда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр.

Бұл мәселені қорытындылаған өңір басшысы облыс кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасына облыс құрылыс басқармасы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамымен бірге «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру аясында бағдарлама бойынша бөлінген қаражатты тиімді игеру үшін қажетті шараларды қабылдауды, бағдарлама аясында іске асырылатын жобалардың мониторингін тұрақты түрде жасап тұруды тапсырды.

Аудандардың әкімдеріне «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының барлық бағыттары бойынша қатысуды белсенділендіруді, оның ішінде субсидиялау және кредиттерге ішінара кепілдік беру бойынша үстіміздегі жылы әр қала мен ауданнан кем дегенде екі жобадан ұсынуды жүктеді.

Осы тапсырманың орындалуына байланысты сіздердің жеке жауапкерліктеріңіз бен алып отырған лауазымға сәйкестіктеріңізді қайта қарастырып шығамын, - деді әкім.

Соңғы жаңалықтар