БҚО: 120 түлек «Алтын белгі» иегері атанды (ФОТО)
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында мектеп бітірушілер кештері өтіп, Абай атындағы алаңда түлектерді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтады.
Өңір басшысының атап өткеніндей, биыл өңірде 120 түлек «Алтын белгі» иегері атанса, 54 жас үздік аттестатты иеленді. ҰБТ тапсыру жөнінен 83,62 балмен Батыс Қазақстан облысы Алматы мен Астана қалаларынан кейін республикада үшінші орынды еншіледі. Мектеп түлектері алдында тоқсан тарау жол тұр. Ең бастысы, әңгіме қалаған мамандықтарын меңгеріп, өмірден өз орындарын таба білуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастар үлкен күш, ел болашағы, сондықтан басты мақсат аянбай еңбек етіп, Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосу екендігін үнемі айтып келеді.
Облыс әкімі биылғы ҰБТ-да 125 балл жинаған Теректі ауданы «Үміт» тілдер гимназиясының түлегі, «Алтын белгі» иегері Сымбат Саматқа ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің алғысхатын, өз атынан ескерткіш сыйлық табыс етті. Басқа да озат түлектерге «Алтын белгілері» тапсырылды. Үздік аттестат иелері, халықаралық, республикалық олимпиада, байқаулардың, фестиваль-спорт сайыстарының жүлдегерлері де құр қалған жоқ. Түлектер атынан Бақытжан Мақсотов, Мөлдір Сабырғали, Анжелика Байжанова, Қуандық Мақсот ыстық тілек-ниеттерін білдірді.