БҚО: Адам өлтіруге оқталғаны үшін 15 жылға сотталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен М.Бертілеуов ҚР ҚК 24-бабы 3-бөлігі, 96-бабы 2-бөлігі «е, и» тармақтарымен айыпты деп танылып, 14 жыл мерзімге, ҚР ҚК 58-бабы 4, 6-бөлігі қолданылып, қылмыстар жиынтығымен Бөрлі аудандық сотының биылғы 9 сәуірдегі үкімімен белгіленген жазаның ішінара 1 жылы қосылып, нақты 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қатаң тәртіптегі түзеу мекемесінде өтеуге сотталды.

БҚО: Адам өлтіруге оқталғаны үшін 15 жылға сотталды

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 2012 жылғы 20 қарашада М.Бертілеуов ағасына тиесілі «ВАЗ-21140» автокөлігімен танысы Н.Есқалиевпен бірге Ұрысай ауылынан анасы жатқан Шыңғырлау аудандық ауруханасына баруға жолға шыққанда, автокөліктің артқы орындығына 12-ұңғылы мылтықты салып алған. Аудан орталығында М.Бертілеуов танысын кездестіріп, одан көлік жүргізуін өтінген. Жолшыбай М.Бертілеуов өз бетімен кетіп бара жатқан Шыңғырлау ауылының қос тұрғынын көрген де, автокөлікті тоқтатуды бұйырған. Содан кейін қылмыстық ойын іште отырғандарға білдірмей, аңшы мылтығын алып, автокөліктен шыққан бойда кетіп бара жатқан адамдарды шақырып, екі мәрте оқ атқан. Мылтығын қайта оқтап, әлгілердің артынан қуған, олардың жасырынып үлгеруі арқасында ғана М.Бертілеуовтің кісі өлтірмек әрекеті аяғына дейін жеткізілмеген. Атылған оқтан жәбірленушінің бірінің өміріне қауіп төніп, басы мен мойнынан жарақаттанып, миы орта дәрежеде шайқалған, оған қоса маңдай сүйегі тесіліп, сынған.