БҚО әкімі академик ғалым Қ.Сәбденовті қабылдап, құрмет көрсетті
ОРАЛ. 17 қыркүйек. ҚазАқпарат - Облыс әкімі 17 қыркүйекте еліміздің ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген танымал ғалым Қалдыбек Сәбденовты қабылдады.
Сексен жасқа толған ақсақалды жылы шыраймен қарсы алып, құрмет көрсеткен Нұрлан Асқарұлы оны мерейтойымен шын жүректен құттықтап, алғысхат пен гүл шоғын табыс етті.
Қ.Сәбденов 1932 жылы 20 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Жылға ауылында дүниеге келді. Сегізжылдық мектеп бітіргеннен кейін арнаулы орта және жоғары білім алған ол 1957 жылы Батыс Қазақстанның Жаңақала ауданында бас дәрігер ретінде еңбек жолын бастайды. Өңірде 1968 жылға дейін түрлі басшылық қызметте еңбек етіп, Алматы қаласына аттанды. Мұнда 1968-1973 жылдары Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында қой шаруашылығы жаңа технологиясы бөлімінің меңгерушісі және «Ақсеңгір» шаруашылығында директор болды. 1975-1978 жылдары Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, кейін бастығы қызметтерін атқарған. 1978-1983 жылдары партиялық қызметте, 1983-1996 жылдары Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының ректоры болды. 1996 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінің қой шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі, 1997 жылдан бері сол жоғары оқу орнының профессоры. Ғылым докторы, академик. Төрт ұлы, 10 немере, екі шөбересі бар.
Кездесуден кейін мерейтой иесі құрмет көрсеткені үшін облыс әкіміне алғысын білдірді.