БҚО әкімі әлемдік додаларда ел намысын абыроймен қорғаған жас спортшыларға құрмет көрсетті

ОРАЛ. 4 қазан. ҚазАқпарат - Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев таяуда дүниежүзілік додалардан жүлдемен оралған балуан Екатерина Ларионова мен суда жүзу шебері Руслан Өтебалиевті қабылдады.
None
None

Кездесуде облыс басшысы жас спортшыларды табыстарымен құттықтап, алдағы уақытта да жеңісті жолдар тіледі.

Он тоғыз жасар Е.Ларионованың Венгрияның Будапешт қаласында өткен әлем чемпионатында әйелдер күресінен қола жүлдені иеленгені белгілі. Жалпы, сол жарыстан Қазақстан құрамасынан жүлдемен қайтқан екі балуанның бірі. Өзінің айтуынша, 63 келі салмақта 32 балуан кілемге шыққан. Соның арасынан жүлдеге ілігу оңай емес. Екатеринаны сегіз жасынан әкесі Алексей жаттықтырып келеді. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Екатерина Ларионова қазірдің өзінде күрестен 11 мәрте ел чемпионы, үш дүркін Азия жеңімпазы және екі рет әлем біріншілігінің жүлдегері атанып үлгерді. Ол - еліміздің алдағы олимпиада ойындарында жүлде алады-ау деп үміттеніп отырған жарық жұлдыздарының бірі.

Он алты жасар Руслан Өтебалиев жақында Голландияның Стацканаале қаласында мүгедектер арасында өткен халықаралық жарысқа қатысып, алтын алқа тағып қайтты. Ол 100 метр қашықтықта шалқалап жүзуден бірінші, еркін жүзуден 50 метрлік қашықтықта екінші орынды иеленді. Спортқа келгеніне небәрі үш жыл болған Руслан мүгедектер арасында төрт дүркін республика чемпионы, халықаралық жарыстардың жүлдегері атанды. Руслан спорттағы жетістігін өзінің бапкері Нұрлан Мерғалиевтің есімімен тығыз байланыстырады. Дарынды спортшы халықаралық деңгейдегі спорт шебері нормативін орындаған.

Соңғы жаңалықтар