БҚО әкімі ешкімге ескертпей, емханаларды аралады
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов бүгін таңертең ешкімге ескертпей, Орал қаласындағы бірнеше емхананы аралап шықты.
Зачаган кентіндегі №6 емханада тұрғындар өз арыз-шағымдарын өңір басшысына тікелей жеткізді. Бір науқас дәрігерге жазылған кезегін апталап күтетінін, оған жазылмаса, қабылдамайтынын ашына айтты. Соның кесірінен уақыт босқа өтіп, ауру да асқынып кетеді. Тағы бір тұрғын балалар мен ересектер дәрігерлерінің кабинеттері аралас екенін, дені сау жеткіншек ауырып шығуы мүмкін екендігін мәлім етті. Балалар мен мүгедектерге бөлек кабинеттер неге жасамасқа!? Сондай-ақ емханада дәрігерлер жетіспейді. Мысалы, невропатолог екі сағатқа ғана келеді, сол мезгілде бәрін қабылдап, үлгере алмайды. Қан тапсыру үшін де ұзақ-сонар кезекке тұруға тура келеді.
Тұрғындардың арыз-шағымын тыңдаған әкім аталған емхана басшыларына кезекті жеңілдету үшін электронды табло орнатуды, науқастарды қабылдайтын кабинеттерді көбейтуді тапсырды.
Өңір басшысы сондай-ақ облыстық клиникалық ауруханада және №1 қалалық емханада болып, олардың да тыныс-тіршілігімен танысты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын облыс әкімі Орал қалалық жедел жәрдем стансасының жай-күйін барып, көрген болатын.