БҚО әкімі Н.Ноғаев шалғайдағы Жәнібек ауданының жай-күйімен танысты

ОРАЛ. 10 қыркүйек. ҚазАқпарат - Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жұмыс сапарымен шалғайдағы Жәнібек ауданында болды.

БҚО әкімі Н.Ноғаев шалғайдағы Жәнібек ауданының жай-күйімен танысты

Облыс басшысы алдымен Жәнібек ауылының онтүстік-батыс беткейіндегі Батыс Қазақстан орман тәжірибелік стансасы филиалына ат басын бұрды. Аумағы 884,4 гектар жерді алып жатқан стационардың мүлкі  БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бастығының бұйрығымен осыдан екі жыл бұрын Орда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеменің балансына тапсырылған. Кеңес одағы құлаған соң Қазақстан жағындағы стационарда шаруашылық жұмыстары жүргізілмей, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі күтімсіздікке ұшыраған. Қазір мұнда күзетшіден басқа ешкім қалмаған. Нұрлан Асқарұлы Ресей жағындағы стационардың бастығы, ғылым докторы Мамай Сапановпен стационарды аралап, баптаусыз қалған бақтың жай-күйіне жіті қанықты. М. Сапановтың айтуынша, бұдан 60 жыл бұрын бақта теректің 200 түрі болса, 50 жылдан соң соның тек 98 түрі қалыпты. Облыс әкімі оған және Орда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеменің бастығы Талғат Саматовқа дендробақты қайтадан жандандыру үшін қанша қаржының қажеттігін дәл есептеп, нақты ұсыныстарын айтуды тапсырды.

Облыс басшысы бұдан кейін аудан орталығына келіп, аудандық мәдениет үйінің жұмысымен танысты. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің жанынан құрылған хор ұжымының орындауындағы әндер мен аудандық саз мектебі мұғалімдерінің шерткен күйлерін тыңдап, өнерлерн он бағалады.

Облыс әкімі «Арман» жастар орталығында болып, еңбек ардагерлерімен, жастармен кездесті. Кездесуде аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бекет Әліпқалиев ауданның 90 жылдығына байланысты ардагерлердің қатысуымен атқарылып жатырған жұмыстарды баяндады.

«Облысымыз Ресейдің 5 губерниясымен шектесіп жатыр. Ежелден іргесі жарасқан екі ел халқының араласып тұруына қолайлы жағдай тудырмақ мақсатпен биыл соның төртеуінде болдым. Жәнібек ауданы жұртшылығына Оралдан гөрі Волгоград облысының Палласовка қаласына бару ыңғайлы екенін білемін. Шекара мәселесі де белгілі. Бүгін осындағы ауылдық округтердің жартысын аралап, сосын ауданның 90 жылдық мерейтойына келгенде қалған ауылдарға бармақ ниетім бар. Аудан ақсақалдарының атқарып жатқан жұмыстарына алғысымды айтамын. Бәріміздің де ойлайтынымыз елдің тыныштығы. Бірлесіп атқарған жұмысымыз жемісті болсын», - деді облыс әкімі.

Нұрлан Асқарұлы аудандық «Ақбастау» жастар қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен де жүздесіп, оларды ардагерлерден үлгі алуға, «Дипломмен - ауылға»бағдарламасы бойынша жастарды қатарларына тартуға шақырды.

Облыс әкімі «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалы мен аудандық ішкі саясат бөлімінде де болып, партияның қоғамдық қабылдауы кезінде түсетін арыз-шағымның және аудандағы жат діни ағымдардың жайын, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды сұрап білді. Аудан орталығындағы жұртшылықпен жүздесуден кейін облыс басшысы ауылдық округтерді аралауға шығып, алдымен Тау ауылындағы И. Жұмаев атындағы елді мекенге тоқтады. Күні кеше ғана күрделі жөндеуден өтіп пайдалануға берілген бастуыш мектепке кіріп, мұғалімдермен, оқушылармен танысты. Мектеппен қапталдас кітапханаға да бас сұғып, кітапханашыдан оқырмандардың қандай  әдеби шығармаларды көп оқитынына көз жеткізді. Ол сондай-ақ медпункт қызметкерлерімен тілдесіп, дәрі-дәрмек, бала туу саны мен жиі кездесетін аурулардың жай-жапсарына қанықты. Елді мекен тұрғындарымен емен-жарқын әңгімелесті. Тұрғындар облыс басшысынан елді мекенге тиіп тұрған газ құбырының жеткізілуін сұрады.

Облыс әкімі Қамысты ауылындағы салынып жатқан 300 орындық мектеп құрылысымен жіті танысып, өз көзімен көрді. - Мектептің төбесін жабу мен есік-терезесін қондыруды бір аптада бітіреміз,- дейді «Азиятехстрой» ЖШС директоры Армат Әлімбетов,- Қалған қаржы тұтас бөлінсе, биыл желтоқсанның аяғына дейін мектепті пайдалануға беруге болады.  

Облыс басшысы оған қаржы толықтай игерілетін болса, республикалық бюджеттен қаржыландыру мүмкіндігі бар екенін айтып, ғимараттың төбесін ықтияттап жабуды тапсырды. Нұрлан Асқарүлы ауылдағы кітапхананың кітап қорымен, жаңа түскен кітаптармен танысып, Қадыр Мырзалиев, Жұбан Молдағалиев, Ақұштап Бақтыгереева сынды жерлес ақындардың өлеңдер жинағы кітапханада барлығына көз жеткізді. Ауылдағы балалар бақшасында болып, мекеменің қысқа әзірлігін, тамақ мәзірін көріп, екі топта тәрбиеленіп жатқан балалармен сөйлесіп, өнерін тамашалады. Қамысты тұрғындарымен сұхбатта 9 шақырым қашықтықтағы Ресейдің Кайсацк селосына жазда шөп сату үшін шекарадан өтудің мәселесін айтқанда облыс басшысы алда бұл жағдайдың ретімен шешілетінің түсіндірді.

Тау ауылында облыс әкімі осындағы «Қайрат» ЖШС-інде, дәрігерлік амбулаторияда, пошта байланыс торабында, мәдениет үйінде, кітапханада атқарылған, атқарылатын, жұмыстарға назар аударылды. Мәселен, ауылдағы мәдениет үйі күрделі жөндеуді қажет ететінің, табиғи газға қосыла тұрса да, қыста жылынбайтынын білетіндігін, жағдайға қарай қаржы бөлу жайы қарастырылатынын айтты.

Облыс басшысы аялдаған кәсіпкер Ескендір Елемесовтің «Әлем» шаруа қожалығында қазақтың асыл тұқымды ақ бас сиырын өсіретін шаруашылықта төрт түлік малдың бәрі бар. Шаруа қожалығы Ресейдің Ростов облысынан биыл сүтті тұқымды 10 бие алып, қазір құлындап көбейе түскен. Биелерді араға 2 сағат салып, электрлендірілген құрылғылармен сауып тұрады. «Жаз бойы қымызды Орал, Атырау қалаларына апарып саттық, жол жөнекей Қазталов ауданының тұрғындарын да қамтыдық», - дейді шаруашылық жетекшісі.   Ұзынкөл ауылдық округінің Еңбекші  елді мекенінде газ құбыры тартылмаған бастауыш мектепке көгілдір отын өткізіп беру облыстық мәслихаттың депутаты Е. Елемесовке жүктелді.

Ұзынкөл, Ақоба, Күйгенкөл ауылдық округтерінің ортылықтарында болған кезінде де Нұрлан Ноғаев әлеуметтік-мәдени нысандарды түгелдей аралап, хал-ахуалымен мұқият танысып шықты. «Жәнібек ауданындағы 9 ауылдық округтің алтауында болып, ауылдағы, елді мекендегі тұрғындар мен әлеуметтік нысандардың қысқа дайындық мәселеріне назар аудардым. Ауданда мал азығы жеткілікті. Жұмыс өз деңгейіңде жүріп жатыр. Аудан әкімі Берік Есенғалиев елдегі жағдайды назарында ұстап отыр. Аудан әкіміне көмек қажет болса, облыс әкімдігі тарапынан  қолдау көрсетіледі», - деді облыс басшысы сапарының соңында.