БҚО әкімі Оралдағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысты (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Орал қаласында жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлер құрылысы және коммуналдық сала нысандарын қайта құру жұмыстарының барысымен танысты.
None
None

Соңғы жылдары қалаға қарасты Зашаған кенті аумағында құрылыс қарқын алды. Орал-Атырау және Орал-Саратов күре жолдары аралығындағы шағынауданда қазіргі кезде «Отделстрой» құрылыс-коммерциялық фирмасы», «Алтим» және «СВ плюс» ЖШС көп қабатты тұрғын үйлерді салуда. «Отделстрой» ҚКФ» ЖШС басшысы Валентина Михноның айтуынша, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ қатысушыларына арналған құны 527 млн. теңге тұратын 72 пәтерлік тұрғын үй қараша айының аяғына қарай тапсырылмақ. Күні бүгін үй 80 пайызға дайын. Сол секілді «Алтим» ЖШС құны 623 млн. теңге тұратын 90 пәтерлік үйді тұрғызуда. Қаржыландыру мәселесінде кідіріс орын алғанымен, бұл үй де көп ұзамай бітпек. Керісінше «СВ плюс» салып жатқан тұрғын үйдің бірінші қабатын тұрғызған кезде құрылыс талаптары бұзылып, соның салдарынан бәрін қайтадан жасауға тура келген. Осыған байланысты облыс әкімі серіктестік басшысы Сәбит Өтебалиевке мұндай сапасыздыққа жол бермеу қажеттігін ескертті. «СВ плюс» салып жатқан тағы екі үйдің құрылысы қаржыландыру мәселесіне байланысты тоқтап тұрғаны да назардан тыс қалған жоқ. С.Өтебалиевтің сөзіне қарағанда, егер қажетті 204 млн. теңге бөлінсе, жас отбасыларға арналған 90 пәтерлік үй екі айдың ішінде бітпек.

Өңір басшысы тұрғын үйлерді уақтылы іске қосумен бірге құрылыс қалдықтарының да барлық талаптарға сәйкес жойылуы керектігін кәсіпорын жетекшілерінің есіне салды.

Оралда «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес бөлінген 1,6 млрд. теңгеге Шаған өзені жайылмасынан тазарту құрылымдарына дейін ұзындығы 10 шақырымдай жаңа коллектордың екінші желісі тартылып жатқаны белгілі. Келісім-шартқа сәйкес шілде айында басталған жұмыс желтоқсанда аяқталуы тиіс. Мердігер ұйым «Альтаир» ЖШС директоры Сергей Потиченконың хабарлағанындай, құрылысты бір ай бұрын, қарашада тәмамдау көзделуде. Күні бүгін мұндағы жұмыс көлемі 55 пайызға орындалған.

Облыс орталығында сонымен қатар «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында ұзындығы 3,6 км төрт жылу желісі қайта құрылуда. Бұған республикалық бюджеттен 600 млн. теңге қаралған. «Жайықжылуқуат» АҚ бас директоры Нұрлыбек Кереевтің мәлім еткеніндей, күні бүгін Сарайшық көшесі бойындағы жылу желісін қайта құру ісі мәресіне жетсе, қалған нысандарда 15-20 қыркүйекке қарай аяқталмақ.

«Оралдағы құрылыс және жөндеу жұмыстары негізінен жоспарлы атқарылуда. Қаржыландыру мәселесі қызмет бабында шешілуде. Бәрін мерзімінде үлгеріп, тапсыруға мүмкіндік бар. Сонымен қатар жоспарды асыра орындап жатқандар да жоқ емес, ол мердігерлер осы нысандар үшін төлемді биыл алғысы келеді. Бұл бағытта біз тиісті министрліктермен жұмыс жасаудамыз», - деген Нұрлан Ноғаев сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Соңғы жаңалықтар