БҚО әкімі прокуратура қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтады

«Биыл Прокуратура күні ерекше жағдайда аталып өтіліп отыр. Ең алдымен ол Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырса, екіншіден, бүгін Елбасының тікелей қатысуымен жалпыұлттық телекөпір барысында еліміз өңірлерінде 23 өндіріс орны ашылды. Соның бірі - Оралдағы бекіре балығы мен оның уылдырығын өндіретін кешен. Жоба бойынша жылына 10 тонна қара уылдырық пен 131 тонна бекіре балығының етін өндіретін кешен өнімі экспортқа бағытталып, жаңадан 55 жұмыс орнын ашу көзделуде. Елбасы тапсырмасына сәйкес индустрияландыру саясатын жүзеге асыру барысын заң тұрғысынан қадағалау прокуратура органдарына жүктеледі. Президентке тікелей бағынатын мемлекеттік орган ретінде прокуратураның елімізде заң үстемдігін орнатуда, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы маңызы өте зор. Сондықтан тәуелсіз мемлекетімізбен бірге көптеген табыстарға қол жеткізіп, алға қарай нық қадам басып келе жатқан прокуратура ардагерлері мен қызметкерлеріне алдағы уақытта да жетістіктер тілеймін», деді өңір басшысы.
Жиын барысында бірқатар қызметкерлерге облыс әкімінің алғысхаттары табыс етілсе, сала ардагерлеріне естелік сыйлықтар берілді. Сондай-ақ БҚО прокуроры Сапарбек Нұрпейісов облыс әкімі Алтай Көлгіновтің өңіріне «ҚР прокуратурасына 25 жыл» мерекелік медалін тақты.