БҚО әкімі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің көшпелі отырысы Хан ордасы ауылында өткізілді

Облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен өткен жиынға Жәнібек, Жаңақала, Қазталов және Бөкей ордасы аудандарындағы жастар қоғамдық ұйымдарының өкілдері келді.
Жиында Бақтияр Мәкеннің атап өткеніндей, жастар арасындағы жұмыссыздықты жою - өте маңызды мәселе. Бұл бағытта мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында түсінік жұмыстарын жүргізіп, шараларға белсендірек қатысу керек. Облыс әкімінің орынбасары жастар қойған түрлі сауалдарға да жауап берді.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Кемел Сәдібеков жастар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында жасалып жатқан шараларға тоқталды. Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рақымжанов аудан көлемінде мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асуын баяндады.
Жиында сөз алған жастар ұйымдарының өкілдері мемлекет тарапынан жастарды қолдауды шаралары жыл өткен сайын артып келе жатқанын атап өтті.