БҚО әкімі майдангерлерге Мемлекет басшысының мерекелік құттықтауын жеткізді

ОРАЛ. KAZINFORM – Жеңіс күніне орай Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев майдангерлердің шаңырағында болып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерекелік құттықтауын жеткізді. 

БҚО әкімі майдангерлерге Мемлекет басшысының мерекелік құттықтауын жеткізді
Фото: БҚО әкімінің баспасөз қызметі

Соғыс және еңбек ардагері Вениамин Скаленко Бөрлі ауданында дүниеге келген. 17 жасында әскер қатарына алынып, майданға аттанды. 98-гвардиялық әуе-десанттық Свирь дивизиясы құрамында болды. Будапешт, Вена және Братислава қалаларын азат етуге қатысқан. Зайыбы Ксения Федосеевна – тыл ардагері.

БҚО әкімінің баспасөз қызметі
Фото: БҚО әкімінің баспасөз қызметі

Соғыс және еңбек ардагері, Халық қаһарманы Иван Гапич 1923 жылы Ақмола облысында дүниеге келіп, Алматыда білім алған. Ол майдан даласында Польшаны, Чехословакияны, Украинаны азат етуге қатысты. Мәскеуде өткен әйгілі Жеңіс шеруінде болды. Соғыстан кейінгі жылдары прокуратура органдарында еселі еңбек етті. Сала ардагеріне ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтың құттықтау хаты табысталды.

БҚО әкімінің баспасөз қызметі
Фото: БҚО әкімінің баспасөз қызметі

Облыс әкімі майдангерлерді мерекемен құттықтап, амандығын тіледі. Нариман Төреғалиев ерлікпен, еңбекпен өрілген өмір жолы қайсар рух пен отансүйгіштіктің озық үлгісі екенін айтты.

БҚО әкімінің баспасөз қызметі
Фото: БҚО әкімінің баспасөз қызметі
БҚО әкімінің баспасөз қызметі
Фото: БҚО әкімінің баспасөз қызметі

Отан үшін от кешкендердің құрметіне оркестр Жеңіс әндерін шырқады. Соғыс және еңбек ардагерлері құттықтай келгендерге ақ батасын беріп, елдің амандығын, жердің тұтастығын тіледі.