БҚО ардагерлер кеңесі сайлауға байланысты үндеу қабылдады
ОРАЛ. 18 наурыз. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысы соғыс және еңбек ардагерлері кеңесі президенттік сайлауға байланысты үндеу қабылдады.
Соғыс және еңбек ардагерлеріне арналған үндеуде: «Өткелі тұрған сайлауға аға ұрпақ өкілдері, ардагерлер мен зейнеткерлердің белсенді қатысып, таңдаған үміткеріне дауыс беруі азаматтық борыш деп санаймыз. Сіздер көптеген жылдар бойы еліміздің әр саласының дамуына өздеріңіздің сүбелі үлестеріңізді қостыңыздар. Бұл бағыттағы еңбектеріңіз бүгінгі жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор үлгі.
Сайлауды ашық және әділ түрде өткізу еліміздің болашақ тағдырына, әлем қауымдастығы алдындағы Қазақстанның беделіне маңызды әсер ететіні түсінікті.
Біз, аға ұрпақ өкілдері биылғы сайлаудың заң аясында және демократиялық құндылықтар шеңберінде өтетініне зор сенім артамыз.
Бұл сайлау елімізде құқықтық мемлекет пен демократиялық қоғам орнатудың нақты қадамы болатыны сөзсіз. Ол үшін облыс аумағындағы барлық азаматтық қоғам институттары мен қоғамдық қозғалыстардың қатысуымен сайлаушылардың тізімдерін анықтау, оған тиісті түзетулер енгізу жұмыстары аяқталып келді. Сондай-ақ бұл істе барлық әкімдіктер заңда көзделген талаптарға сәйкес нақты көмек көрсетуде.
Облыстың барлық ардагерлері өздерінің сайлаушылар тізіміне енгенін тексеріп, мәліметтердің дұрыстығына көз жеткізулерін сұраймыз.
Әр ардагердің қалыс қалмай, 3 сәуір күні сайлау учаскелеріне барып, жүрек қалауымен өз таңдауын жасауға шақырамыз.
Сіздің осы іске қатысуыңыз өзіңізге еліміздің Конституциясымен берілген сайлау құқығын толыққанды атқарып, нағыз патриоттық сезімді білдіру үлгісі болады», делінген.