БҚО: Бөкей ордасында қарағай отырғызылып, жер асты суы зерттеледі (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Биыл Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы аумағында 5 гектар жерге қылқан жапырақты ағаш отырғызылмақ. Оған қоса осы қарағай ормандары орналасқан аумақтың жер асты суын зерттеу ойластырылуда. Бұл туралы БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Амангелді Дәулетжанов мәлім етті.

БҚО: Бөкей ордасында қарағай отырғызылып, жер асты суы зерттеледі (ФОТО)

Амангелді Медхатұлының айтуынша, зерттеу жұмыстарына облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен 15 млн теңге қарастырылған. Қазіргі Хан ордасы ауылының іргесін 1826 жылы қазақтың соңғы хандарының бірі - Жәңгір қалаған болатын. Биыл оған тура 190 жыл толғалы отыр. Жәңгір хан өзінің ордасын мал тұяғынан қорғау шараларымен бірге құм көшкінін тоқтату үшін ағаш отырғызуды қолға алды. Кейін бұл жұмыстар Ордада орман шаруашылығы мекемесі құрылған кезде де жалғасын тауып, қарағай және басқа ағаш түрлері өсетін тоғайлар пайда болды. Ендігі мақсат - осы орманды байыта отырып, кейінгі ұрпақ үшін сақтап қалу.

Соңғы кезде тұрғындар тарапынан Жәнібек пен Бөкей ордасы ауданындағы ауылдарға құбыр арқылы тартылып, пайдаланылып жатқандықтан, Әймекендегі жер асты су қоры деңгейінің төмендеп кеткені жөнінде пікірлер айтылуда. Бұл ағаш пен түрлі өсімдіктің мезгілінен бұрын қурап, жойылуына әкелуі мүмкін. Сондықтан жер астындағы су қорын зерттеп, тиісті шаралар алудың маңызы зор.

Әрине, ағаш отырғызу жұмыстары тек Бөкей ордасы ғана емес, барлық аудандар мен Орал қаласында жүргізіледі. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Астана төңірегін «жасыл белдеуге» айналдыру мәселелеріне арналған көшпелі кеңесте барша азамат өз үйі ғана емес, барлық қала, ауыл-аймақта жыл сайын жаппай ағаш отырғызса, Қазақстанды жасыл орманмен көмкеруге болатындығын атап көрсеткен болатын. Бұл орманы көп емес Батыс Қазақстан облысына да тікелей қатысты. Дәлірек айтқанда, өңірдегі мемлекеттік орман қоры 215,5 мың га болса, соның 103 мың гектары ғана тоғаймен көмкерілген. Яғни облыс аумағының 0,69 пайызында ғана орман бар деген сөз. Бұл, әрине, аз. Осы орайда биыл облыс көлеміндегі орман тұқымдықтарының (питомник) қызметін жақсартуға, өсірілетін ағаштың түрін көбейтіп, сапасын арттыруға айрықша көңіл бөлінбекші. Жалпы, жыл сайын осындай тұқымдықтарда елді мекендерді жасылдандыру үшін 150,0 мың ағаш көшеті, сондай-ақ орманды қалпына келтіру мақсатында 2,5 млн дана көшет отырғызылады.

Өткен жылы елді мекендерді жасылдандыру және жасыл аймақтар құрудың өңірлік жоспары жасалып, ол ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісіліп, БҚО әкімдігімен бекітілді. Бұл ауқымдық жоспар облыстың 12 ауданы мен Орал қаласын, соның ішінде 147 елді мекенді қамтиды. Дәстүрлі сенбіліктер, басқа да шаралардың ұйымдастыра отырып, алдағы көктемде барлық аудан мен Оралда тал-теректер, соның ішінде қылқан жапырақты ағаштарды жаппай отырғызу ойластырылуда.

Орманды өсіру, күтіп-баптаумен қатар оны қорғау да аса маңызды. Мысалы, 2015 жылы 1 145 рейдтік шаралар кезінде 142 табиғат заңдылығын бұзушылық анықталды. 118 адамға 906,5 мың теңге айыппұл салынды. 57 адамға салынған залал көлемі 430 мың теңгені құрады. Орманды өрттен қорғау шараларын күшейтіп, мемлекеттік мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында өткен жылы жаңадан техникалар алынды. Бұл биыл да іске қосылатыны сөзсіз.

Облыстың су қорларын тілге тиек еткенде, алдымен Жайық өзені ауызға ілігеді. Өзен бойында 87 елді мекен орналасқан, бұларда облыс халқының 75 пайызы тұрады. Сонымен қатар облыстың оңтүстік аудандары (бұған Жаңақала, Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы кіреді) ауыз судан және ауыл шаруашылығы мақсатына пайдаланылатын судан тапшылық көріп келе жатқанын айтпай кетуге болмайды. Жыл сайын Ресейдің Саратов арнасы мен Палласов суландыру жүйесі арқылы өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту үшін су алынады. 2015 жылы бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 1380,9 млн теңге бөлініп, 111,5 млн текше метр су алынды. Облыстық бюджеттен 88,1 млн теңге қаралып, 70,0 млн текше метр су алуға қол жеткізілді. Су тасқыны кезінде апатты жағдайды болдырмау үшін Теректі ауданы Ұзынкөл ауылдық округінде Барбастау өзеніндегі бөгетті жөндеуге 79 млн теңге жұмсалды. Сол секілді Бөрлі ауданы Облавка ауылы тұсында 1,2 млрд теңгеге Жайық өзені жағалауын (ұзындығы 1500 метр) бекіту жұмыстары атқарылды.

Су қорын тиімді пайдалану мақсатында жайылмаларды суландыру жүйесін қайта құрып, іске қосуға назар аударылуда. Осы бағытта өткен жылы Қаратөбе ауданында 81 млн теңгеге Қалдығайты суландыру жүйесі қалпына келтірілді.

«Қазіргі кезде өңірде су шаруашылығы нысандарын түгендеу және олардың техникалық жай-күйін анықтау жұмыстары мәреге жетті. Соның нәтижесінде күні бүгін республикалық маңызы бар 11, коммуналдық меншіктегі 27 су қоймасы, 256 мың гектар су жайылмалары және 37 суландыру арналары есепке ілінді. Түгендеу қорытындысымен коммуналдық меншіктегі 27 су қоймасының тек 8-інде құқықтық құжаты бары белгілі болды. Биыл облысқа қар мол түсті. Сондықтан көктемгі су тасқыны кезінде жайылатын суды тиімді пайдаланудың да мәні ерекше», деп түйіндеді ойын А.Дәулетжанов.
null
null
null