БҚО-да 1,1 млн. теңге бопсалағандар ұсталды

ОРАЛ. 17 қазан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - 15 қазанға қараған түні Ақсай қаласының 27 жасар екі тұрғыны Орал қаласының 29 жастағы тұрғынын ұрып-соғып, 1,1 млн. теңге талап еткен.

БҚО-да 1,1 млн. теңге бопсалағандар ұсталды

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, соның салдарынан басынан, бетінен жарақат алған оралдық Ақсайдағы аудандық орталық аурухананың хирургиялық бөлімшесіне түскен. Ал бопсалаушылар ҚР ҚК 132-бабына сәйкес Бөрлі аудандық ішкі істер бөлімі уақытша ұстау изоляторына жатқызылды.

Өткен аптада басқа да оқиғалар тіркелді. Айталық, Орал-Атырау күрежолы бойында Ақжайық ауданының 43 жастағы тұрғыны айдап келе жатқан «Фольксваген-Пассат» автокөлігі тоқтатылды. Тексерген кезде автокөліктің жүксалғышынан 1154 келі қара балық шыққан. 16 қазан күні Жымпиты ауылынан 20 шақырым жерде дәл сондай автокөліктің 22 жасар жүргізушісі рульге ие бола алмаған. Автоапат салдарынан Сырым ауданы Аралтөбе ауылының 1990 жылғы тұрғыны (қыз бала) қайтыс болса, жүргізуші мен қалған үш жолаушы түрлі жарақат алған.