БҚО-да 10 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, 13 мыңға жуық адам еңбек орнын тапты

ОРАЛ. 21 қазан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында биылғы тоғыз айда 10199 жұмыс орны ашылса, соның 5502-сі (53,9%) ауылдық жердің үлесіне тиеді.

БҚО-да 10 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, 13 мыңға жуық адам еңбек орнын тапты

Облыс әкімдігінен алынған мәліметке қарағанда, соның ішінде өнеркәсіпте - 713, ауыл шаруашылығында - 1400, құрылыс пен коммуналдық шаруашылықта - 947, саудада - 1124, көлік пен байланыста - 380, білім мен денсаулық сақтауда - 829, экономиканың түрлі салаларында 1976, 2830 уақытша және маусымдық жұмыс орны ашылды.

Жыл басынан бері 12986 адам еңбекке орналастырылса, соның 9144-і жұмыспен қамту орталықтары арқылы жолданды. Шағын бизнеске 3842 адам орналастырылды.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жеке кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 966 адам жастар тәжірибесіне жіберілді. Жұмыссыздар үшін өндірісте кадр тұрақтандыру бағытында 2207 әлеуметтік жұмыс орны ашылды. 6447 адам ақылы қоғамдық жұмысқа жіберілді.

Биылғы 1 қазанға 2603 жұмыссыз тіркелген, экономикалық белсенді тұрғындар санына шаққанда олардың үлесі - 0,8 пайыз, бұл өткен жылғыдан 0,2 пайыздық тармаққа жоғары.

Кедей отбасылар саны - 1530, бұл өткен жылғыдан 342-ге аз.