БҚО-да 2027 жылға дейін 54 инвестициялық жоба жүзеге асады

АСТАНА. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері аграрлық салаға 50,6 млрд теңгеге қолдау көрсетілген. Бұл туралы облыс әкімі Нариман Төреғалиев есептік кездесуінде айтты.

о
Фото: ОКҚ

Өңір басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 6,4%-ға артып, 281 млрд теңгеге жетті.

— 2025-2027 жылдары ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 68,1 млрд теңге болатын 54 инвестициялық жоба жүзеге асырылады, осылайша 870 жұмыс орнын құру жоспарланған. Ал биылдың өзінде 15,4 млрд теңге болатын 18 жоба іске асырылып жатыр. Олар: 1,5 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу бойынша 5 жоба, 4,8 мың тонналық 2 тауарлы сүт фермасы және 3 мың басқа арналған бордақылау алаңы, — деді Н. Төреғалиев елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.

2027 жылға дейін 29 мың басқа арналған 11 бордақылау алаңдарын іске қосу жоспарланып отыр. Жобаларды жүзеге асыру арқылы облыстағы бордақылау алаңдарының жалпы сыйымдылығы 75 мың басқа жетеді.

Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда соңғы 3 жылда республикалық бюджеттен арнайы бағдарлама аясында 21 млрд теңге қаражат бөлініп, 12 жоба қаржыландырылған.

Соның ішінде 5 сүт-тауарлы ферма, 2 көкөніс сақтау қоймасы, 2 бордақылау алаңы, 2 сүтті қайта өңдеу кәсіпорындарын құру жобалары бар. Бұл жобалар өңірдің сүт өнімдерімен қамтамасыз ету деңгейін 22,3%-дан 39%-ға дейін арттырады.

— Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін негізгі 23 кәсіпорын жұмыс жасауда. Өткен жылы қайта өңделген өнім көлемі 208 мың тоннаны немесе 64,5% құрады. Бұл көрсеткішті 2026 жылы 70%-ға жеткізуіміз қажет, — деді Нариман Төреғалиев.

Айта кетейік, биыл Батыс Қазақстан облысының бюджеті 33,5% ұлғайып, 634 млрд теңгеге жетті.

Соңғы жаңалықтар