БҚО-да 207,5 мың тонна астық жиналды
ОРАЛ. 3 қараша. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 318,8 мың гектардың әрқайсысынан 6,5 центнерден өнім алынып, 207,5 мың тонна астық жиналды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Өтеғұловтың айтуынша, соның ішінде 152,2 мың тонна бидай (27,3 мыңы - күздік, 124,9 мыңы - жазғы дақыл) алынды. Өнім облыстың ішкі қажетін өтеуге толығымен жетеді.
Егін орағының қорытындысы бойынша үздік атанған Зеленов ауданында 155,2 мың гектар егін орылып, 121,8 мың тонна (әр гектарға - 7,8 центнерден) өнім жиналды.
Күні бүгін 76,9 мың тонна өнім элеваторлар мен астық қабылдау кәсіпорындарына түсті. Қазіргі кезде бидайдың негізгі бөлігін қайта өңдеу кәсіпорындары сатып алуда, олар өз кезегінде Ауғанстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан сынды елдерге ұн жөнелтеді. Облыс жылына 10 мың тоннадай астықты экспортқа шығарады.