БҚО-да 21 мемлекеттік қызметші теріс себептермен жұмысынан босатылды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік қызметшілердің штаттық саны 3 415 (әкімдіктер – 2 197, орталық меморгандардың бөлімшелері – 1 218) болып отыр.

Мемлекеттік қызметте цифрландыру мен кадрлық іріктеудің жаңа кезеңі басталды
Фото: freepik

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Мұрат Байсаловтың өңірлік коммуникация қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілердің нақты саны – 3 197 (әкімдіктер – 2 071, орталық меморгандардың бөлімшелері – 1 126). Бос лауазымдар саны – 218 (әкімдіктер – 126, орталық меморгандардың бөлімшелері – 92), бұл – жалпы штаттық санның 6,4 пайызы.

Мұрат Сейілбекұлының сөзіне қарағанда, жыл басынан бері әкімшілік мемлекеттік қызметке барлығы 137 адам тағайындалған. Мемлекеттік қызметшілердің 1 315-і немесе 41 пайызы – ерлер, 1 882-сі немесе 59 пайызы – әйелдер.

- Мемқызмет туралы заңнама талаптары мен қызметтік әдеп нормаларының сақталуын бақылау функцияларын жүзеге асыру аясында биыл 45 бақылау іс-шарасы жүргізіліп, нәтижесінде 2 087 бұзушылық анықталды. Мемлекеттік органдарға 14 нұсқама мен ұсыну енгізіліп, оның 11-і орындалды. Қалған үшеуі орындалып жатыр. Енгізілген ұсыну мен нұсқамаларды қарау нәтижелері бойынша түзетілуге жататын мемлекеттік қызмет саласына қатысты 428 бұзушылық қалпына келтірілді, - деді М.Байсалов.

Оның айтуынша, әдеп жөніндегі кеңесте тәртіптік істерді қарау нәтижелері бойынша 6 лауазымды қызметкерге түрлі тәртіптік жаза қолданылды.

Департамент басқарушылық қызмет атқаратын адамдардың «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңмен көзделген мемлекеттік кірістер органдарына декларацияларды тапсыру жұмыстарына мониторинг жүргізді. Нәтижесінде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, ветеринария салаларындағы ұйымдардың, сондай-ақ облыстың қала және аудан әкімдіктеріне қарасты бірқатар мекеменің 100 лауазымды қызметкері декларацияларды белгіленген мерзімде тапсырмағаны немесе мүлдем тапсырмағаны анықталды. Соған сәйкес кінәлі тұлғаларға қатысты 90 тәртіптік жаза қолданылды.

- Сонымен бірге өткен жылдан бүгінгі күнге дейін облыста 21 мемлекеттік қызметшінің әрекетінде көзделген шектеулерді сақтамау белгілері анықталды. Кейбір мемлекеттік қызметшілердің кәсікерлікпен айналысу деректері орын алған. Мемлекеттік қызметшілер арасында лудомания деректері де кездеседі. Аталған деректер бойынша олардың барлығын қызметтен теріс себептермен босату туралы шешім қабылданды, - деп қосты М.Байсалов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да сессия отырысында дауыс көтерген ауыл әкіміне қатаң сөгіс берілгенін жазған едік.