БҚО-да 37 мыңнан астам адам тұмауға қарсы егілді

БҚО бойынша тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Сергей Щербинаның айтуынша, бұл - халықтың 6 пайызы. Сондай-ақ бүйрек безгегінің алдын алу үшін 30 млн. теңге бөлініп, Шыңғырлау, Бөрлі, Зеленов аудандарының осы жұқпалы ауру тарау ықтималдылығы жоғары 32 елді мекенінде тышқан тұқымдас кеміргіштер уланды. Орал қаласы маңында 11 мың гектар алқап шыбын-шіркейге қарсы өңдеуден өткізілді, бұған республикалық бюджеттен 45 млн. астам теңге жұмсалды. Алдағы жылы бұған көбірек қаржы бөлу көзделуде. Эбола безгегіне байланысты екі мәрте облыстық семинар ұйымдастырылып, алдын алу шаралары жүргізілуде.
Ұлттық күнтізбеге сәйкес өңірде 21 жұқпалы дертке қарсы тегін екпе жасалуда. 2015 жылдан бастап пневмококк жұқпасына қарсы екпе жасау жоспарлануда.
«Жалпы, облыста санэпиджағдай тұрақты. Жаппай жұқпалы аурулардың тіркелуі, тамақтан улану фактілері орын алған жоқ», - деді С.Щербина.