БҚО-да 40 экономикалық қылмыс тіркелді

Батыс Қазақстан өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында БҚО прокуратурасы 2-басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлыбек Мұсағалиев пен БҚО прокуратурасы басқармасының аға прокуроры Руслан Жұматаевтың мәлім еткеніндей, соның ішінде 15-і - жалған есепке алу, бақылау маркаларын (акциздер) жасау, бесеуі - салық төлемдерін төлеуден жалтару, төртеуі - жалған ақша жасау, төртеуі - несиені мақсатсыз пайдалану, төртеуі - жалған кәсіпкерлік және басқалар. Қазіргі таңда салық және кеден төлемдерін төлеуден жалтару кең таралған экономикалық қылмыс түрлерінің бірі болып табылады. Күні бүгін мемлекетке келтірілген залал 1 млрд теңгеден асса, соның ішінде өтелгені - 580 млн теңге. Кінәлі тұлғалардың мүліктеріне 183 млн теңге көлемінде тыйым салынды. Сотқа 16 қылмыс бойынша 10 қылмыстық іс жолданса, соның ішінде 10 тұлғаға қатысты (9 іс) айыптау үкімі шықты, бір іс қаралуда.
Қоғамда өте өзекті болып отырған қылмыстың тағы бір түрі - қаржы пирамидасын құрушылардың әрекеті. Тексеру барысында Орал қаласының («АsiaМall») және Бөрлі ауданы Ақсай қаласының («Эдельвейс») сауда үйлерінің ішінде «QuestraWorld» кеңселері бар екендігі анықталды. Аталған компанияның қызметкерлері ықтимал клиенттерге кеңес беріп, сайтта шоттарды тіркеуге көмектесіп, «БанкЦентрКредит» АҚ арқылы ақша қаражатының аударылуына ықпал еткен. Биылғы мамыр айында «QuestraWorld» қызметінде қаржылық пирамида белгісінің болуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Әрі қарай қылмыстық іс негізгі қылмыстық іспен бірге тергеу үшін ҚР ІІМ-іне жолданды. «QuestraWorld» кеңселері жабылды.
«Электронды төлемдер жүйесінің дамуына байланысты нарықта бұл құралдарға қаржыны инвестициялаудың пайдасы туралы ұсыныстар көп. Алайда оны адамдардың барлығы бірдей білмейді. Алаяқтар осыны пайдалануда. Қаржылық пирамидалардың адал ұйымдардан айырмашылығы неде? Біріншіден, олар үлкен пайдаға кенелуге уәде беріп, адамды тартады. Мұндай кірісті банктер де, басқа ұйымдар да қамтамасыз ете алмайды. Екіншіден, олар көп жағдайда шет елдерде тіркелген, құрылтайшылары белгісіз, ақша шет елге шығарылады. Олардың өкілдері қаржыны қалай табатындығын, оны қайда салатындығын нақты түсіндіре алмайды. Оның орнына мықты әріптестері мен жобалары туралы әңгіме айтып, әдемі буклеттермен қызықтырады. Үшіншіден, олар адамдардың жаңа клиенттерді тартқанын қолдап, сол үшін қосымша қаржы беруге уәде етеді. Осы белгілердің барлығы тұрғындардың Қазақстан аумағында қызметі мен жарнамасына тыйым салынған қаржылық пирамидаға тап болғанын көрсетеді (ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 150-бабы, ҚР ҚК 217-бабы). Күмәнданған жағдайда ақшаны салмастан бұрын құқық қорғау органдарына жолыққан жөн», - деді прокуратура өкілдері.
Тағы бір ескеретін жайт, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2017 жылғы 3 шілдедегі ҚР Заңымен Қылмыстық кодекстен 215-бап (жалған кәсіпкерлік) ізгілендірілді (алынып тасталды). Әйтсе де, ізгілендіруге дейін кейбір кәсіпкерлер жалған кәсіпкерлермен ойдан шығарылған шарттарды жасасу арқылы салық төлемінен жалтарып келді. Енді іс жүзінде жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей шот-фактура толтырғаны үшін кәсіпкерлік нысандарының қылмыстық жауаптылығы Қылмыстық кодекстің 216-бабымен қаралады.
Бұдан бөлек салықты және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтару қылмыстары бойынша кінәлі тұлға егер де іс-әрекетті алғаш рет жасаған және берешекті өз еркімен өтеген болса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.