БҚО-да 600 мыңнан астам гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілмек

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында 2024 жылы 606,8 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілмек.

Жиналған дәнді дақылдардың көлемі жағынан Жетісу облысы алғашқы төрттікте
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рүстем Зұлқашевтің мәлім еткеніндей, өткен жылы егістік алқабы 623,6 мың гектар болған еді. 

Рүстем Мүлкәйұлының сөзіне қарағанда, соның ішінде 287,2 мыңы (2023 жылы – 309 мың га) – дәнді дақылдар. Мұның 97 мыңы (82 мың га) күздік дәнді дақылдар болса, 190,2 мыңы (227 мың га) – жаздық дәнді дақылдар. 

Биыл сондай-ақ 116 мың гектарға (114,3 мың га) майлы дақылдар себілмекші. Соның 46,7 мыңы – күнбағыс, 67,7 мыңы – мақсары.

Картоп, көкөніс-бақша дақылдарын 9 760 гектарға (9 650 га) отырғызу көзделде. 

Барлық мал азықтық дақылдар алқабы өткен жылғы 190,6 мың гектардан биыл 193,9 мың гектарға жеткізілмекші. 

«Биылғы егіске барлығы 33,9 мың тонна тұқым қажет. Соның ішінде 20,6 мың тонна жаздық дәнді дақылдар, 1,9 мың тонна майлы дақылдар, 667 тонна мал азықтық дақылдар тұқымы толық дайын. 10,7 мың тонна картоп тұқымының 57 пайызы әзір. Қалған 43 пайызын жеке тұрғындар әдетте көктемгі егіс алдында сатып алып пайдаланады. Жалпы облыс тұқыммен толық қамтылғанымен, жетіспейтін аудандар бар. «Орал-Жер» ЖШС және «Казагрэкс» АҚ зертханалары тұқым тексеруді көктемгі далалық жұмыстарға дейін аяқтайды. Көктемгі далалық жұмыстарға 9 780 трактор, 2 315 дәнсепкіш, 730 қопсытқыш және басқа да ауыл шаруашылығы техникалары қатысады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда техникаларды дайындау жұмыстары жүргізілуде (81 пайыз)», - деді Р.Зұлқашев.

Басқарма мәліметі бойынша облысқа көктемгі дала жұмыстарына 7,9 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бүгінде соның 1,6 мың тоннасына келісім-шарттар жасалып, әзірге тек 192 тоннасы алынды. Жұмыстар жалғасын табады. 

Өсімдік шаруашылығы бағытындағы субсидиялау бағдарламалары мен қызметтер көрсетуге жергілікті бюджеттен барлығы 1,9 млрд теңге берілді. 

Оған қоса «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның несие серіктестіктері арқылы көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға «Кең дала» бағдарламасы бойынша 2,4 млрд теңге қаралды. Бүгінде шаруаларға 1,8 млрд теңге (75 пайыз) несие берілді. Қазіргі уақытта несиелеуге өтінімдер қабылдау жалғасуда.

Сонымен қатар 2024 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы өсімдік шаруашылығы бағытында (бау-бақша) 63 млн тенгенің 8 жобасы қаржыландырылды.

«Былтыр күзде 2024 жылдың өніміне 97,1 мың гектар күздік дәнді дақылдар егілді, соның ішінде күздік бидай – 90,1 мың га, қара бидай – 6,6 мың га және тритикале – 460 гектар. Қазіргі уақытта аудан әкімдіктерінің мәліметінше сақталған егістің жағдайы жақсы деп бағаланғаны – 31,2 мың га (32,2 пайыз), қанағаттанарлық – 61,6 мың га (63,4 пайызы), нашары – 4,2 мың га (4,3 пайыз)»,- деді Р.Зұлқашев.

Соңғы жаңалықтар