БҚО-да 600 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында биыл 600 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

БҚО құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соның 255,6 мың шаршы метрі көппәтерлі тұрғын үй болса, 344,4 мыңы – жеке тұрғын үйлер.

Оның айтуынша, жыл басынан бері бюджет қаржысы есебінен 11 көппәтерлі тұрғын үйдің (1528 пәтер немесе 121,3 мың шаршы метр) және ауылдарда 70 тұрғын үйдің (712 пәтер немесе 73,7 мың шаршы метр) құрылысы жүргізілуде. Барлығы – 2240 пәтер немесе 195 мың шаршы метр.

Сонымен қатар «ҚПО б.в.» компаниясы мен «Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қаржысына 2 көппәтерлі тұрғын үй (360 пәтер немесе 30,2 мың шаршы метр) салынуда.

«Осының ішінен жыл соңында 6 көппәтерлі (872 пәтер немесе 82,4 мың шаршы метр) және ауылдарда 54 (412 пәтер немесе 16,8 мың шаршы метр), барлығы 1164 пәтер немесе 99,2 мың шаршы метр тұрғын үйді салып бітіру жоспарланып отыр. Мұның сыртында «Aqjaiyq« ӘКК есебінен 1 көппәтерлі тұрғын үй (180 пәтер немесе 15,1 мың шаршы метр) іске қосылмақшы», деді Ә.Антазиев.

Оның сөзіне қарағанда, биылғы үш айда өңірде 99,1 мың шаршы метр тұрғын үй (114,7 пайыз) пайдалануға берілді. 22,6 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылып, жоспар 101 пайызға орындалды.

Басқарма басшысының мәлім еткеніндей, 2022 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 45 инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысаны құрылысына 4,7 млрд теңге бөлінді, соның ішінде Ұлттық қордан – 4,53 млрд теңге (19 жоба), жергілікті бюджеттен – 0,16 млрд теңге (26 жоба).

Жыл соңына дейін облыс бойынша жеке тұрғын үй құрылысына арналған 2970 жер телімі коммуникациямен қамтамасыз етілмек.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 418 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар