БҚО-да 78 діни бірлестік қайта тіркеуден өткізілмек
ОРАЛ. 23 тамыз. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық әділет департаментінде облыстық ішкі саясат басқармасы және облыстық діни істер департаменті қызметкерлерінің ұйымдастыруымен баспасөз мәслихаты өтті.
Жиынды ашқан облыстық әділет департаменті бастығының орынбасары Гүлдана Суханова жиналғандарды күн тәртібіндегі мәселемен қысқаша таныстырып, ұйымдастырушыларға сөз кезегін берді. Алғаш сөйлеген облыстық ішкі саясат басқармасы үкіметтік емес ұйымдар және діни бірлестіктермен жұмыс бөлімінің бастығы Жамал Ихсанова былтыр күзде қабылданған жаңа заңға сәйкес елімізде діни бірлестіктерді қайта тіркеу басталғанын хабарлады. Бұдан кейін облыстық дін істері департаментінің бас маманы Ғилымбек Мәженов сөйлеп, қайта тіркеу хақында ел арасында неше түрлі алып-қашпа әңгіме жүріп жатқанын, бірақ оның негізсіз екенін айтты. Оның сөзінше, облыс көлемінде барлығы 79 діни бірлестік тіркелген, оның 1-і дәл қазіргі уақытта қызметін тоқтатқан. Қалған 78 діни бірлестіктің 45-і Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарайды. Аталған 45 діни бірлестік орталықта қайта тіркелуде. Сондай-ақ 17 православтық діни бірлестік басшылығы да орталық арқылы тіркеуден өтпек. Бүгінгі таңда облыстағы 17 діни бірлестіктің үшеуі құжаттарын тапсырған.
Аталған департаменттің жетекші маманы Ранида Әшенова БАҚ өкілдері тарапынан қойылған миссионерлік қызмет жөніндегі сұрақтарға тұшымды жауап беріп, діни бірлестіктердің тіркелу тәртібін де түсіндірді.
Жиынға қатысқан департамент қызметкері Иса Исаев жиналғандарды заңды тұлғаларды тіркеу саласындағы жаңалықтармен таныстырды. Оның айтуынша, электронды нұсқа арқылы тіркелу уақыт үнемдейді. Бұрынғыдай аяқтай жүріп тіркелуге 5 күн кетсе, электронды тіркелімге 1 тәулік жарайды. Оның сөзінше, бүгінгі таңда еліміз бойынша 316, ал облыс бойынша 28 заңды тұлға электронды нұсқа бойынша тіркелген.