БҚО-да 800 млн-ға жуық теңгеге өртке қарсы техника сатып алынбақ
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік орман қоры жерінің жалпы аумағы 224 699 гектар болса, соның 88 457 гектары тоғаймен көмкерілген.

БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Дархан Закариннің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, өңірде 8 орман мекемесінің қарамағында 111 адам жұмыс істейтін орталықтандырылған өрт станциялары бар.
Дархан Әмірханұлының сөзіне қарағанда, 2019-2024 жылдар аралығында мемлекеттік орман қорында жалпы ауданы 10 616,3 га болатын 72 өрт тіркелді. Соның ішінде 5 623,3 гектары – орман өсірілген аумақ.
Биыл Орал қаласы аумағында 4,5 гектарды қамтыған 1 орман өрті болды.
- Қазіргі таңда орман шаруашылығы мекемелерінде 12 өрт сөндіру көлігі, тіркемелі соқамен жабдықталған әр түрлі маркалы 31 трактор, 22 су таратқыш және 25 патрульдік көлік, 312 аспалы су сепкіш, 8 дрон бар. Сонымен қатар мекемелер нормативке сәйкес толықтай 430 радиобайланыс құралдарымен жабдықталған. 2024 жылы орман мекемелерін материалдық-техникалық жарақтандыру үшін облыс бюджетінен 769,8 млн теңге жұмсалды. Осы қаржыға 33 трактор, 1 патрульдік машина және «КамАЗ» базасындағы 2 өрт сөндіру машинасы және 27 мотоцикл алынды, - дейді Д.Закарин.
Оның айтуынша, биыл бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 792 млн теңге бөлініп, «КамАЗ» базасындағы 6 өрт сөндіру машинасын сатып алу және 4 өрт бақылау мұнарасын орнату көзделуде. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурстары жүргізілуде.
- Сондай-ақ 2025 жылы жергілікті бюджеттен қосымша 44,1 млн теңге қарастырылып, осы қаражатқа 47 әр түрлі арнайы құрал-жабдық (соқа, культиватор, рациялар және басқа) алынуда.
Орман шаруашылығы мекемелерінде 7 өрт бақылау мұнарасы және сонша бейнебақылау камералары радиусы 8 км аумақты бақылап, өртті жедел анықтауға және оны сөндіруге уақытылы кірісуге мүмкіндік береді. Оған қоса 10 орман өртін ерте анықтау жүйесі де бар. Тағы 8 мекеме ұшқышсыз ұшатын аппараттармен жабдықталған, - дейді басқарма басшысының орынбасары.
Басқарма мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері облыстың мемлекеттік орман қоры аумағында 608 рейд жүргізіліп, табиғат қорғау заңнамасын бұзғаны үшін 31 хаттама толтырылды. 147,4 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Өрт қауіпсіздігін бұзған 1 дерек (19,6 мың теңге) тіркелді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласы маңында орман алқабы өртенгенін жазған едік.