БҚО-да 82 адам бостандыққа шықты
ОРАЛ. 25 наурыз. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Бүгінгі таңда Орал қаласындағы қоныс колониясында 134, түзеу мекемесінде 871, тергеу изоляторында 221 және қылмыстық атқару инспекциясында 886 сотталған адам жазасын өтеуде.
Қылмыстық атқару жүйесі комитеті БҚО бойынша департаментінің аға маманы Даниял Ғабдушевтің айтуынша, «Қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру және қылмыстық процестегі заңдылық кепілдіктерін одан әрі күшейту мәселелері бойынша ҚР кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданғалы облыстың түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар арасынан 101 адамның ісі қайта қаралды. Нәтижесінде 82 адам бостандыққа шығып, 19 адамның жазасы төмендетілді және бас бостандығынан айыру жазасы алынып тасталды.
- Департаменттен сот органдарына барлығы 158 материал жолданды. Қазір жаңа заң бойынша істері қайта қаралатын сотталғандарды бостандықтағы өмірге бейімдеп жатырмыз. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен алынған бос жұмыс орындары тізімі бойынша жазасын өтеп шыққандарды еңбекке жұмылдыру, баспана мәселесін шешу жолдары қарастырылуда, - дейді Даниял Ғабдушев.