БҚО-да 84,5 тонна залалданған өнім Қазақстанға кіргізілмеді

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында қауіпті карантиндік нысан – жатаған кекіре тұқымдарымен залалданған 84,5 тонна өнімді Қазақстан аумағына кіргізуге жол берілмеді.

о
Фото: АШМ

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, заңбұзушылық «Тасқала» және «Шаған» фитосанитариялық бақылау бекеттерінде жүргізілген бақылау барысында анықталған.

Инспекторлар «Тасқала» фитосанитариялық бақылау бекетінде азық-түлікке арналған мақсары және арпа тұқымдарын тексеріп, өнімнен фитосанитариялық сараптама жасау үшін сынамалар алды.

Ал «Шаған» фитосанитариялық бақылау бекетінде азық-түлікке арналған зығыр тұқымдарынан алынған сынамалар зертханалық зерттеуге жолданды.

«Фитосанитария» мекемесінің Батыс Қазақстан облыстық карантиндік зертханасы филиалының зерттеу қорытындысына сәйкес, тексерілген барлық сынамалардан карантиндік нысанға жататын жатаған кекіренің (Acroptilon repens L.) тұқымдары анықталды.

– Еліміздің қолданыстағы заңнамасына сәйкес, залалданған өнімді ел аумағына кіргізуге рұқсат берілмеді. Аталған жүк толығымен экспорттаушы елге кері қайтарылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірісіне қауіп төндіретін карантиндік өнімдерге жол бермеу бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, биыл Қазақстанда карантиндік фитосанитариялық бақылау барысында 1 377 заңбұзушылық анықталған. Оның 1 213-і Ресейден, 153-і Қырғызстаннан өнім тасымалдау кезінде тіркелген. Заңбұзушылықтардың арасында карантиндік нысандардың анықталуы, фитосанитариялық құжаттардың және қажетті таңбалаудың болмауы бар.