БҚО-да әділет қызметкерлері құқықтық кеңес беруде

ОРАЛ. 10 қазан. ҚазАқпарат -  «Нұр Отан» ХДП-ның облыстық филиалы облыстық әділет департаментімен бірлесіп «Әділет кеңес береді» тақырыбында қоғамдық қабылдау өткізді.

БҚО-да әділет қызметкерлері құқықтық кеңес беруде

Қоғамдық қабылдауға келген 13 азаматты облыстық әділет департаменті бастығының орынбасары Галина Имашева мен аталмыш департаменттің бөлім бастықтары, мамандары, жеке нотариустар мен адвокаттар қабылдады.

- Бірлескен шараның басты мақсаты - халыққа құқықтық көмек көрсету. Заңгерлер, түрлі құзырлы органдардың мамандары қабылдауға келген азаматтарға тегін кеңес береді. Тұрғындар түрлі мәселелермен бізге келіп жатыр. Көбінің көмек сұрап келетін түйткілі - сот шешімдерінің орындалмауы. Сондай-ақ жылжымайтын мүлікті тіркеу, жер дауы, сот шешімімен келіспеушілік, мұрагерлік мәселелерімен келетіндер де көп. Құқықтық білімі жетіспегендіктен алаяқтарға алданған азаматтар да заңгерлерден кеңес сұрап жиі келеді, - дейді «Нұр Отан» ХДП БҚОФ-ның қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Гүлжан Мұхтарова.

Елдегі бас партияның облыстық бөлімшесінің билік пен халықтың арасына дәнекер болып ұйымдастырған осындай қабылдауларында үш жылдан бері екі мыңнан аса батысқазақстандыққа көмек көрсетілген.