БҚО-да ағайынды екі жігіт фитозертхана ұйымдастырды деген күдікке ілінді
АСТАНА. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында полицейлер құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіруге арналған жасырын фитозертхананың қызметін әшкереледі, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақпан айында жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Орал қаласында қарасора тұқымдас өсімдіктерді заңсыз өсірді деген күдікпен ағайындылар ұсталды.
— Олардың бірінің жеке үйінен желдету жүйесі мен жарықдиодты шамдармен жабдықталған, қарасора өсіруге арналған жасырын жертөле анықталды. Оқиға орнынан 7 түп өсімдік, буып-түйілген өсімдік тектес зат, өсіруге арналған құрал-жабдықтар және 14 миллион теңгеден астам ақша тәркіленді, — делінген хабарламада.
Екінші күдіктінің пәтерінен арнайы жабдықталған екі жылыжай-шатыр табылды. Онда 22 түп қарасора, пакеттер мен ыдыстарға салынған өсімдік тектес заттар, сондай-ақ арнайы құрал-жабдықтар тәркіленді.
Бұған дейін Алматыда 20 жастағы курьерден 2,5 келі есірткі тәркіленгенін жазған болатынбыз.