БҚО-да алаяқтық жасаған шенеунікке 7 млн теңге айыппұл салынды
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қалалық сотында ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігі 2-тармағына сәйкес мемлекеттік қызметшіге үкім шықты.
БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, облыстық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы 2025 жылғы қазан айында жәбірленушіге мемлекеттік грант алуға жәрдемдесетінін айтып, оның сеніміне кірген.
Конкурстық комиссия шешіміне ықпал етуге нақты өкілеттігі болмағанына қарамастан, ол алдау жолымен жәбірленушіден 700 мың теңге алып, өз пайдасына жаратқан. Кейін жәбірленушінің атынан грантқа берілген өтінім қолдау таппаған.
Сот талқылауы барысында М. өз кінәсін толық мойындап, келтірілген материалдық залалды толық көлемде өтеді. Жәбірленуші залалдың өтелгенін растап, соттан жеңіл жаза тағайындауды сұрады.
Үкім шығару кезінде сотталушының кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінуі, келтірілген залалды толық өтеуі және жәбірленушінің пікірі қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерілді.
- Орал қалалық сотының үкімімен сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған ұрланған мүлік құнының он еселік мөлшерінде 7 млн теңге айыппұл салу түріндегі жаза тағайындалды. Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да бухгалтердің 106 млн теңге бюджет қаржысын құмар ойынға жұмсағанын жазған едік.