БҚО-да алқабилер сотының үкімі тұңғыш рет кассациялық сот алқасында қаралды

Облыстық соттың баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, 2010 жылғы маусымның 21-інде БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты өз тәжірибесінде алғаш рет алқабилердің қатысуымен қылмыстық іс қарап, адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша қару қолданып, денсаулыққа ауыр зардап келтіріп қарақшылық жасағаны, адамдар тобының бұзақылық ниетпен кісі өлтіруге қатысқаны үшін айыпталған үш адамды әртүрлі мерзімдегі жазаға кескен болатын. Атап айтқанда, қылмысқа қатысушы А.Макеев денсаулыққа ауыр зиян келтіріп, ұрлық жасады деп айыпталып, ҚР ҚК 103-бабының 1-бөлімі, 175-бабының 1-бөліміне сәйкес түпкілікті үш жыл бас бостандығынан айыру жазасын жалпы тәртіптегі түзеу колониясында өтеуге кесілсе, А.Воробьев жәбірленуші М-ның денсаулығына жеңіл зиян келтіріп, адамдар тобының бұзақылық ниетпен жәбірленуші К-ны өлтіргені үшін ҚР ҚК 105-бабы, 96-бабы 2-бөлімі «ж» тармағымен айыпталып, жазасын түпкілікті 19 жыл және 1 ай қатаң тәртіптегі түзеу колониясында өтеуге, Е.Досмұханов адамдар тобымен, яғни Воробьевпен жәбірленуші К-ны өлтіргендері үшін 18 жыл бас бостандығынан айыру жазасын қатаң тәртіптегі түзеу колониясында өтеуге кесілген болатын.
Алқабилер қатысуымен шығарылған үкімге сотталғандар мен олардың қорғаушыларымен кассациялық тәртіпте шағым келтірілген еді.
Облыстық соттың судьясы Есенбай Боранбаевтің төрағалығымен іс кассациялық сот алқасында қаралып, А.Воробьевті ҚР ҚК 105-бабы, 96-бабы 2-бөлімі «ж» тармағымен, А.Макеевті ҚР ҚК 103-бабы 1-бөлімі, 175-бабы 1-бөлімімен кінәлі деп тапқан алқабилер сотының үкімі ішінара өзгертіліп, ал Е.Досмұхановқа қатысты үкім өзгертусіз қалдырылды.
А.Макеевтің жазасы да өзгертіліп, сот залында қамаудан босатылды.
Алқабилер соты, содан соң кассациялық сот алқасы А.Воробьев пен Е.Досмұхановты топтасып бұзақылық ниетпен жәбірленуші К-ны өлтірген деп танып отыр.
Бұл - ҚР «Алқабилер туралы» Заң күшіне енгеннен бері облыста қаралып отырған үшінші іс.